Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Мәжілісте интернет-казиноларда төлемді кредиттік карталармен толтыруға тыйым салу ұсынылды

2021 жылдың 15 желтоқсан 2021 14:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев интернет-казино қызметіне тосқауыл қоюға қатысты ұсыныстар айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңына сәйкес, электронды және интернет-казино қызметіне тыйым салынса, «Жарнама туралы» Заңына сәйкес бұл ойындар түрін жарнамалауға да рұқсат жоқ. Сондай-ақ, ойын бизнесінің арнайы аймақтарға көшірілуіне қарамастан, халық арасында, оның ішінде жастардың интернет-казинолар ұсынатын құмар ойындар мен бәс тігуге қызығушылығы күннен-күнге артуда. Дәлел ретінде, Қазақстанның заңнамасына сәйкес, 2020 жылы құмар ойындар мен бәс тігудің теріс әсерін азайту мақсатында азаматтар үшін осындай ойындарға қатысудан өз бетінше шектеу мүмкіндігі енгізілген. Дегенмен, заң қабылданған сәттен бастап бір жарым жыл ішінде тізімге 430-дан астам адам тіркелсе, олардың 50 процентін 30 жасқа толмаған жастарымыз құрап отыр. Бұл дерттің шырмауында жас өрендеріміздің көп екендігін аңғартады», - деді депутат Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, бүгінде интернетте оңай табыс әкелуді көрсететін әртүрлі онлайн-казинолар мен букмекерлік кеңселердің агрессивті жарнамасының көлемі айтарлықтай өсті.

«Онлайн-казинолар тайраңдап жүргенде, отбасылардың ойрандалып жатқандығы баршамызға аян. Зерттеулердің нәтижелері бойынша интернет беттерінде қаптаған құмар ойындардың тозағына еліміздің әрбір оныншы отбасы ілінеді екен. Тиісті мемлекеттік органның мәліметінше, 2021 жылдың басынан бастап интернет-казино қызметіне және жарнамасына байланысты заң бұзушылықтар бойынша 2 мыңнан астам интернет сайттарының жұмысына шектеу қойылған. Алайда, бұл бұғаттау бойынша шаралар онлайн-казино санының азаюына алып келмейді, өйткені бұғаттаудан кейін жаңа сайттар құрылады. Заңдық тетіктердің барлық мүмкіндіктеріне қарамастан, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан интернет-казинолардың қызметіне қарсы іс-қимыл шараларын жеткіліксіз реттелуде деп есептейміз», - деді Елнұр Бейсенбаев.

Оның айтуынша, халықаралық тәжірибе бойынша Американың көптеген штаттарында 2006 жылдан бері интернет-казино қызметіне тыйым салынған және қаржы ұйымдары интернет-казиноға бәс тігу жасайтын азаматтардың шоттарына қызмет көрсете алмайды. Ал, Қытай аумағында үкімет интернет-казинолар мен букмекерлік кеңселердің сайттарын ғана емес, сондай-ақ аталған сайттарды жарнамалайтын ресурстарды да бұғаттау бойынша жүйелі шаралар қабылдауда.

Осыған байланысты ол жауапты мемлекеттік органдардан интернет-казиноның қызметіне қарсы іс-қимыл жасау бойынша шараларды күшейтуді сұрады:

- интернет-казиноларда және букмекерлік кеңселерде төлемдерді кредиттік карталардың көмегімен толтыруға тыйым салуды қарастыруды (бұл карталар кредиттік, яғни пайыздық мөлшерлемесі жоғары);

- Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұза отырып, құмар ойындарды ұйымдастыру, өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асырып келген шетелдік ұйымдастырушылардың арнайы тізбесін әзірлеу ұсынылды.


Жоғары қарай