Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Медиация саласы бойынша білікті мамандар қажет - маман

2021 жылдың 26 қыркүйек 2021 18:54

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда медиация туралы заңның қабылданғанына биыл 10 жыл толды. Көне билер сотының екі жақты бітістіру дәстүрін жалғаған медиацияның бүгінгі күні Алматыда қалай жүзеге асып жатқаны жайлы «Халықаралық медиация орталығы» Республикалық қоғамдық бірлестігі басқарма мүшесі Салтанат Абдухадирова ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Салтанат Абдуақытқызы, ең алдымен медиацияның қызметі жайлы айтып өтсеңіз, оның тиімді тұсы қандай?


- Медиацияның ең тиімді тұсының бірі - тараптар ең алдымен уақыт пен қаржыны үнемдейді, олардың өздері шешім қабылдауға қатысуы, азаматтардың арасындағы адамгершілік қатынастардың сақталуы, құпиялықтың сақталуы, медиаторларды өз еркімен таңдау құқығы, мемлекеттік баж салығы төленбейді және адвокаттың қымбат тұратын қызметін қажет етпейтіндігінде.
- Медиациямен айналысатын адамдарды медиаторлар дейміз. Медиаторларға тұрғындар көбіне қандай мәселелермен жүгінеді?
- Медиатордың қызметіне адамдар көбіне азаматтық және қылмыстық істерді реттеу мақсатында жүгінеді.
- Жалпы, Алматыда медиацияның көмегімен шешімін тапқан істер бар ма?
- «Халықаралық медиация орталығы» РҚБ Алматы қаласы бойынша өкілдігінің медиаторларының көмегімен 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында жүргізілген медиация саны 1532. Оның ішінде 950 –і онлайн түрде, 531- қылмыстық дау, 585- азаматтық дау, 302- отбасылық дау, 74-еңбек дауы және 40 – халықаралық келісім шешімін тапты.
- Алматыда медиация қызметін одан әрі дамыту бойынша жұмыстар жүруде ме?
- Бүгінгі таңда Алматы қаласының әр ауданында Медиация аясын кеңінен қолдану мақсатында «Бірыңғай қызмет көрсету орталықтары» ашылып, қызмет көрсетуде. Бұл жобаның мақсаты: халық сотқа бармай-ақ, кәсіби мамандардың көмегімен, бірнеше сұрақты бір жерден тез және оңай шешуге қол жеткізуіне ықпал ету. Алматы қалалық және аудандық әкімшіліктерінде халыққа тегін кеңес, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады.
Жоғарғы соттың статистикалық мәліметіне сүйенетін болсақ, жылына 4 миллионнан аса іс қозғалады. Оның 90% медиациямен реттеуге болатын азаматтар арасындағы қатынастар. Миллионнан аса халқы бар Алматы қаласына медиация саласы бойынша түсіндіру жұмыстары және арнайы дайындықтан өткен білікті мамандар әлі де қажет.
- Білікті медиатор болу үшін адамның бойында қандай қасиеттер болу керек?
- Медиатор болу үшін алдымен заңның талаптарына білуі керек. Осы салада жұмыс жасау үшін арнайы дайындықтан өтіп, сертификат алуы сондай-ақ ойы жүйрік, келіссөзде ұтымды жағын көрсете білетін сөзге шешен, бір мәмілеге келуге жағдай жасайтын «алтын көпір» бола білуі тиіс.
- Әңгімеңізге рахмет.


Автор Думан Арғынгелді
Басты сөздер: Алматы, Заң, Қоғам,
Жоғары қарай