Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Медицина университеттері докторанттарға жоғарылатылған шәкіртақы төлемей отыр

2020 жылдың 20 қазан 2020 12:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздегі медицина университеттері докторанттарға жоғарылатылған шәкіртақы төлемей отыр. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының 2019 жылғы 10 қазанда берген тапсырмасы бойынша шәкіртақы жоғары оқу орындарында барлық деңгейде 25 пайызға өскен болатын. Осылайша, бакалавриат деңгейінде шәкіртақы 26 186 теңгеге, магистратурада 66 913 теңгеге, докторантурада 102 498 теңгеге көтерілді. Бұл шәкіртақы 2020 жылдың 1 қаңтарынан төлене бастады. Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап шәкіртақы тағы өсті. Бұл Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында берген тапсырмасы аясында іске асырылған еді. Шәкіртақы мөлшері болашақ педагогтар мен докторантурада білім алушыларға ұлғайтылды», - деді ол министрліктің аппарат кеңесінде.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта педагогика мамандығы бойынша шәкіртақы мөлшері 42 мың теңгеге дейін, ал докторантурада 150 мың теңгеге дейін өсті.

«Бұл педагогикалық мамандықтардың тартымдылығын арттырады және докторантурада ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға көбірек мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Қазіргі уақытта осы шәкіртақы 1 қыркүйектен бастап педагог мамандарын дайындайтын 47 ЖОО-ның 45-інде беріле бастады. Ал екі жоғары оқу орнына 30 қыркүйекте жоғарылатылған шәкіртақы төледі. Докторантура бойынша 55 жоғары оқу орны бар. Соның 47-сі ұлғайтылған шәкіртақы берді. Ал 8 ЖОО шәкіртақыны бұрынғы деңгеймен төлеген. Олардың көбісі медициналық университеттер болып отыр», - деді Әділет Тойбаев.

Комитет басшысының айтуынша, бұл мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрлігімен жұмыс жүргізілді. Жақын арада аталған университеттер докторанттарға жоғарылатылған шәкіртақы төлейді.


Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Білім, Қаржы, Медицина,
Жоғары қарай