Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мемлекет басшысы түркі елдеріне  ІТ-компаниялардың ынтымақтастығын күшейтуді ұсынды

2021 жылдың 14 қараша 2021 14:17

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ақылды қала жүйесін құру ісіндегі цифрлық жетістіктер бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір әлем халқының саны 8 миллиардқа жуықтады. Оның 55 пайызы қалада тұрады. Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы бойынша 2050 жылға қарай жер бетіндегі қала халқының үлесі 68 пайызға жетеді. Жыл өткен сайын қалалық жерде көрсетілетін қызметке сұраныс артып келеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде.

Осы орайда Мемлекет басшысы жаһандық індет мұндай қызметті қашықтан жүргізуге болатынын көрсеткеінін атап өтті.

«Қазақстанда ақылды қала жүйесі енгізіліп, бірқатар жоба табысты жүзеге асырылуда. Соның арқасында жол-көлік оқиғалары мен апат салдарынан болатын өлім-жітім 60 пайызға азайды. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыс саны 70 пайызға кеміді. Ал, салық түсімі бірнеше есе артты. Қазақстан Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаны қабылдады. Бұл жоба қалаларды басқару ісіне озық технология енгізуді көздейді. Ақылды қала жобалары аясында ІТ-компаниялардың ынтымақтастығын күшейте түсуіміз керек. Бұл біздің елдеріміздің экономикасын өркендетуге де септігін тигізері анық. Қазақстан ақылды қала жүйесін құру ісіндегі цифрлық жетістіктерін экспорттауға және тәжірибе бөлісуге дайын», - деді Президент.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі» енді «Түркі мемлекеттері ұйымы» деп аталды.


Жоғары қарай