Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мемлекет кедейшілікті еңсеру үшін өте көп іс атқарып жатыр - Дариға Назарбаева

2020 жылдың 9 қараша 2020 19:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет кедейшілікті еңсеру үшін өте көп іс атқарып жатыр. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры, Қазақстан жастары конгресі Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Дариға Назарбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда кедейшілік шегінде өмір сүретін адамдар көп. Олар әрбір қалада, ауданда, ауылда бар. Оларды білу, тағдырларына араласып, қиндықты еңсеріп, аяғынан нық тұруға көмектесу - сіз бен біздің парызымыз. Мемлекет кедейшілікті еңсеру үшін өте көп іс атқарып жатыр. Дегенмен, ол барлық уақытта бірдей дер уақытында келмейді немесе қажетті адамға жете бермейді. Меніңше, біз әлеуметтік қызметтерге белсенді көмек көрсетіп, оларды медициналық, азық-түлік, қаржылық, заңдық көмекке мұқтаждар туралы ақпараттандыра алар едік. Сонымен қатар біз өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету үшін қажетті ресурстар табуға, мұндай мәселелерге қоғам назарын аударуға сеп бола алар едік», - деді ол «Жаңа жағдайдағы жастар: Іс-қимыл кезеңі» атты онлайн форум барысында.





Сонымен қатар Дариға Нұрсұлтанқызы бұл жұмыстарға мектеп оқушыларын, студенттер мен қарапайым еріктілерді тартуға да мүмкіндік бар екендігін баса айтты.

«Біз пандемия тез арада аяқтала қояды деп ойламаймыз, оның жағдайында әлі ұзақ уақыт әрекет етуге дайын болуымыз керек. Ол қолдауды қажет ететін адамдарға барынша көмек көрсетуді жалғастыру керек деген сөз. Жастар үшін қоғамға, яғни елімізге қалтқысыз қызмет етуден маңызды іс болуы мүмкін бе? Осы қызмет арқылы сіздер тәжірибе жинақтайсыздар, құрмет пен беделге ие боласыздар және өмірде көп жетістіктерге жетесіздер. Мен сіздерге шын жүректен осындай игіліктерді тілеймін. Осындай өмірлік ұстаным жаңа ұрпаққа, жаңа адамдарға кез келген дағдарысты жеңуге және ұлттық егемендігімiзді нығайтуға күш-қуат береді деп сенемін», - деді Дариға Назарбаева.

Айта кетейік, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан Жастар конгресімен серіктестікте республиканың барлық аймақтарын онлайн форматта байланыстыра отырып, «Жаңа жағдайдағы жастар: Іс-қимыл кезеңі» республикалық жастар білім беру жобасын іске қосты. Аталмыш шара биылғы жылы онлайн форматында өтіп жатқан «Зерен» білім беру лагері аясында ұйымдастырылды.
Еске сала кетсек, 2018 жылы Дүниежүзілік жастар күнінде Zeren жастар білім беру орталығы құрылды. Биылғы жылы эпидемиологиялық жағдайға байланысты білім беру бағдарламалары онлайн-форматта өткізілетін болады. «Жастар мен жаңа сын-қатерлер: әрекет ететін уақыт» атты тақырыптық атауы бар онлайн-оқыту бес бағыт бойынша өткізіледі: азаматтық белсенділік, еріктілер қызметі, ақпараттық технологиялар, жастар кәсіпкерлігі және өзіндік даму.
Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Жастар, Қоғам,
Жоғары қарай