Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

Мемлекетке зиян келтіретін жалған ақпарат таратуға тыйым салынады - Бас прокуратура

2019 жылдың 2 шілде 2019 18:13

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бас прокуратура азаматтарды заңсыз әрекетке бармауға шақырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Соңғы кезде әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде көрінеу жалған ақпараттарды тарату жағдайлары көбейіп кетті. Атап айтқанда, Арыс қаласында 350 тұрғынның хабар-ошарсыз кеткені және қайтадан жарылыстардың болуына байланысты ол жерде тұрудың қауіпті екені туралы жалған қауесет те таралды. Мұның өзі көпшіліктің арасында үрей туғызып, Шымкент қаласында заңсыз акциялардың өтуіне итермеледі.

«Арыс қаласындағы жағдайға қатысты теріс ақпарат фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Сонымен қатар, еліміздің жаңа ұлттық валюта - «алтынға» көшетіні, жинаған ақшаны соған байланысты дереу долларға айырбастап, жылжымайтын мүлікті сатып алу үшін жаңа қарыздарды ресімдеу қажеттігі туралы шындыққа сай келмейтін мәліметтерді таратушылар байқалуда. Шығыс Қазақстан облысындағы жерлердің шетелдіктерге сатылғаны туралы шындыққа сай келмейтін әрі арандатушылық ақпараттардың тарауы да азаматтарды мазасыз күйге түсірді» делінген хабарламада.

Осы айтылған мән-жайларды ескере келе, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Прокуратура туралы» Заңның 32-бабын басшылыққа ала отырып, Бас прокуратура төмендегі жағдайларды түсіндіреді:

Мемлекет әр адамның ақпаратты еркін алу әрі тарату құқығына кепілдік береді.

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңға сай, азаматтар қажетті ақпаратты алу үшін мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы.

Өз кезегінде, мемлекеттік орган қол жеткізуге шектеу қойылған ақпараттардан басқа сұратылып отырған мәліметтерді ұсынуға міндетті.

Мемлекеттік органдардан алған ресми ақпаратты азаматтар қандай да бір шектеусіз бөлісуге құқылы.

Мемлекетке, қоғам мен адамның құқықтарына елеулі зиян келтіретін экстремистік және көрінеу жалған ақпарат таратуға тыйым салынады.

Атап айтқанда, қоғамдық тәртіпті бұзатын немесе азаматтардың, ұйымдардың, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіретін осындай әрбір факт бойынша Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалған осындай әрекеттер үш жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады. Жаппай тәртіпсіздікке арандатып, азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру үшін Қылмыстық кодекстің 272-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қаралған.

Осы айтылған мән-жайларды ескере отырып, Бас прокуратура азаматтарды жанжал тудыратын және қоғамдық тәртіпті бұзатын заңсыз әрекеттерге барудан, оның ішінде жалған ақпарат таратудан тартынуға шақырады.

Жоғары қарай