Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мемлекеттік хатшы сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері жөнінде кеңес өткізді

2020 жылдың 17 қыркүйек 2020 16:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен онлайн режимінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорда.

Отырыста екі мәселе талқыланды: «Қазақстан Республикасында жер ресурстарын басқару, пайдалану және қорғау тиімділігі туралы» және «Азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік қолдау шараларын іске асырудың тиімділігі туралы».

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен азаматтарымыздың әл-ауқаты үшін бұл мәселелердің маңыздылығын Елбасы мен Мемлекет басшысы атап өтіп, тиісті міндеттер мен мақсаттар бірқатар стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда нақтыланған.

Дегенмен, оларды уәкілетті мемлекеттік органдардың іс жүзінде жүзеге асыруы азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілеріне, әсіресе, ауыл шаруашылығы тауарларының өндірісі саласына қатысты айтылып жүрген сындар негізсіз емес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталған Қазақстан халқына Жолдауында да «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру қарқынының баяулап қалғанына назар аударды, бұл бірінші кезекте аумақтарды жайластыру жұмыстарының төмен екенін көрсетеді.

Осыған байланысты отырыста бірінші мәселені қарау кезінде ауыл шаруашылығы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің, басқа да орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Талқылау барысында баяндамашыларға жер құқығы қатынастары саласында, бірінші кезекте кәсіпкерлік және жеке тұрғын үй құрылысы мұқтажы үшін жер беру кезінде барынша ашықтық пен жүйелілікті қамтамасыз ету тапсырылды.

Пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтару бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмысының енжарлығы жеке атап өтілді.

Мысалы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында Жерді қашықтықтан зондтау пилоттық жобасының нәтижелері бойынша жер инспекциялары берген мәліметтерден едәуір көп ауыл шаруашылығы алқаптары пайдаланылмай жатқаны анықталды.

Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерінің назарын жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру саласында жинақталған проблемаларды жедел жоюға аудартты.

Атап айтқанда, оларға және салалық министрліктерге жеке тұрғын үй құрылысына арналған массивтерді коммуналдық инфрақұрылыммен жабдықтау мәселелерін шешудің балама жолдарын әзірлеу ұсынылды.

Жалпы, отырыста талқыланған проблемалар сыбайлас жемқорлыққа жағдайлар жасайды, осыған байланысты комиссия уәкілетті мемлекеттік органдарға оларды жою бойынша дереу шаралар қабылдау қажеттігін көрсетті.

Екінші мәселені талқылау аясында тұрғын үй қатынастары саласындағы «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру барысы қаралды.

Комиссия мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің алдағы жоспарлары туралы уәкілетті органдардың баяндамаларын назарға алды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы демографиялық және көші-қон процестеріне байланысты тұрғын үйге сұраныстың артуы, бұл мақсатты жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ, тұрғын үй сапасын қамтамасыз ету, жауапсыз құрылыс компаниялардан зардап шеккен үлескерлердің проблемаларын шешу, тұрғын үй бағдарламаларына бөлінген мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына қаржылық бақылау шараларын күшейту мәселелері қаралды.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді, олардың орындалуы бақылауға алынды.


Жоғары қарай