Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Тыңдау» бірегей жобасын іске қосты

2020 жылдың 19 мамыр 2020 12:34

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі әрбір азаматтың мемлекеттік қызметті жетілдіруге және қолжетімді цифрлық мемлекетті құруға үлес қосуына мүмкіндік беретін «Тыңдау» бірегей жобасын іске қосты. Бұл туралы аталған агенттіктің төрайымы Анар Жайылғанова Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

​«Мемлекет басшысы өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы барлық азаматтардың өтінішіне жедел және тиімді әрекет етуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте Президент мемлекеттік аппарат қызметіндегі проблемалар көбінесе азаматтар мен жергілікті жерлердегі мемлекеттік қызметкерлер арасындағы кері байланыстың болмауына байланысты екендігіне назар аударды. ​«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл барынша ашық және есепті мемлекетті қалыптастыру. Сондықтан мемлекеттік аппарат әр сала бойынша бірінші кезекте халықтың пікірін барынша ескеруі тиіс», - дейді агенттік төрайымы.

Оның атап өтуінше, «Тыңдау» жобасы ерікті қолданушылар пікірі аясында құрылған. Жобаға қатысу үшін электронды қызметті алу талап етіледі және барлығын tyndau.kz сілтемесі бойынша онлайн-сауалнамада белгілей отырып, оның әрбір қадамын бағалау қажет.

«Бұдан бөлек, агенттік тек мемлекеттік қызметтерге шағым жинамайды. Біздің негізгі мақсатымыз – проблемалы жерлерді анықтап, тиімді кері байланыс орнату. Жинақталған мәселелер базасына талдау жасап, мемлекеттік органдарға қажетсіз қадамдарды жою, халықтың мемлекеттік қызметтерді алу процестерін жеңілдету бойынша нақты ұсыныстар беретін боламыз. Өткен аптада біз «Тыңдау» жобасын іске қостық және пробациялау мақсатында екі қызметті таңдап алдық. Олар - төлқұжат пен жеке куәлікті алу қызметі. Қазіргі уақытта осы бағыт бойынша азаматтардан ұсыныс жинау жалғасуда. Бүгін осы жоба аясында еріктілердің ішінен алғашқы фокус-топ құрылды және ұсыныстар жиналып жатыр», - деді ол.

Агенттік басшысының айтуынша, «электрондық үкімет» порталында жұмыс процестерін жақсарту үшін автоматты түрде теру және тек ЖСН-ді терген кезде азаматтың деректерін (аты-жөні, туған жылы мен жері) тартуға қол жеткізетін жасанды интеллект негізінде арнайы қосымшалар, жүктелетін сканерленген құжаттар мен фотосуреттерді (3х4) жүйеге қажетті форматтарға автоматты түрде келтіру үшін түрлендіруге арналған көмекші қосымшалар бойынша ұсыныстар әзірленді.

Сондай-ақ автоматтандырылған қызметтердің жұмысқа қабілетін тестілеу, ЭЦҚ немесе бір рет қолданылатын пароль көмегімен авторизациялау немесе қол қою кезінде туындайтын ақаулар анықталады.

«Алдағы уақытта электрондық қызметтер бойынша тиісті материалдардың жиналуына қарай азаматтардың ұсыныстары мүдделі органдармен бірлесіп, көрсетілетін қызметті алушыларды хабардар ете отырып, пысықталатын болады. Біз жақын уақытта «Тыңдау» халықтың пікірін ескеретін тиімді жоба болады деп үміттенеміз», - деді Анар Жайылғанова.


Жоғары қарай