Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мигранттар мен босқындар мәселесі Еңбек министрлігінің құзыретіне беріледі

2021 жылдың 26 шілде 2021 22:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда еңбек миграциясы мен босқындар мәселесіне қатысты сұрақтар азаматтық ведомствоның қарауына беріледі. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Берікқызы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта еңбек миграциясы жаһандық маңызға ие екенін және ол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен тығыз байланысты екенін бірнеше рет баса айтты. Осы себептен Ішкі істер министрлігінің еңбек миграциясын реттеу функцияларының үштен бірі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің құзыретіне беріледі», - деді Ш. Берікқызы ІІМ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру шаралары туралы тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы 19 шілдеде қол қойды.

«Келесі жылы 1 қаңтардан бастап ІІМ миграциялық процестерді реттеу және мониторингтеу жүйесіне қарасты шараларды әзірлеумен, ведомствоаралық үйлестірумен, босқын мәртебесін берумен және еңбек мигранттарына рұқсат беру ісімен айналыспайды», - дейді ол.

Оның айтуынша, аталған өзгерістер құқық қорғау жүйесін реформалау және ішкі істер органдарын құзыретіне жатпайтын функциялардан босату шаралары аясында жүзеге асырылмақ.

Миграция саласы заңнаманың сақталып, еңбек мигранттарының құқығын қорғау үшін азаматтық ведомствоның қарамағына беріліп отыр.

«Осылайша біздің министрлік елдің миграция саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландырудан хабардар болып отырады. Еңбек миграциясының шекарадан заңсыз өтуі, заңсыз келген иммигранттарды елден шығару, ҚР-на келуге рұқсат беру мен құжаттандыру ІІМ-нің құзыретінде қала береді», - деді ІІМ өкілі.


Жоғары қарай