Ауа райы
Астана 27 °С
Алматы 32 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Министр АӘК жайлы: Отбасы мүшесіне мамандығына сай жұмыс ұсынамыз

2020 жылдың 8 қаңтар 2020 13:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов АӘК алып отырған отбасының еңбекке жарамды мүшесіне ыңғайлы әрі мамандығына сай жұмыс ұсынылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«АӘК бойынша негізгі өзгерістердің біріншісі – көпбалалы жанұяларға бөлек жәрдемақы тағайындалды. Мұның себебі – АӘК алып жүрген отбасылардың басым бөлігінде балалар – көпбалалы жанұялардан. Сондықтан, оларға АӘК-тің бір бөлігін бөлек жәрдемақы ретінде шығаруды жөн көрдік. Бұл, табысына қарамастан төленетін жәрдемақы. Ол баланың санына қарай сараланып, мөлшері бекітіледі. Ол ай сайын республикалық бюджеттен төленеді. Осы жылға бұл бағытта 177 млрд теңге қарастырылды», - деді бүгін министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Біржан Нұрымбетов 367 мың жанұяға осы жәрдемақы тағайындалғанын мәлім етті.

«Атаулы әлеуметтік көмек енді осы жылдан бастап тоқсан сайын тағайындалып, төленетін болады. Осыған қарай жаңа жылдан бастап отбасылардан өтішін қабылдау үстіндеміз. Біз желтоқсан айында қараша айына тиісті АӘК-ті және желтоқсанға тиісті төлемді аудардық. Енді азаматтар қаңтар айында құжаттарын өткізіп, ақпан айында ала бастайды. Бұл жерде тағы бір өзгеріс: егер АӘК алатын жанұяда еңбекке жарамды адамдар болса, оларды жұмысқа тартамыз. Егер ол ұсынылған жұмыстан бас тартатын болса, өкінішке қарай бүкіл жанұяға берілетін АӘК тоқтатылады. Бұл жерде ескере кететін жайт: мамандар кез келген жұмысты ұсынбайды. Бізде жұмыспен қамтудың тәртібі бекітілген. Ол кісіге лайықты жұмыс ұсынылады. Оның мамандығы, қатынау жағынан тиімді жағы ескеріледі», - деді ол.


Жоғары қарай