Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Министр карантинді бұзғандарға салынатын айыппұл неліктен көбейгенін түсіндірді

2020 жылдың 15 шілде 2020 18:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әділет министрі Марат Бекетаев көктемгі карантинде қазіргі, яғни жазғы карантиндегідей айыппұл неліктен салынбағанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, коронавирус індетіне байланысты елімізде карантин шаралары ұзартылды. Азаматтар, бизнес пен мемлекеттік органдар қосымша шектеу шараларын сақтауға міндеттелді. Шектеу шаралары бұзылған жағдайда нақты әрі арнайы әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік бар. Әділет министрлігіне бұл тұрғыда көп сұрақ түсіп жатыр», - деді Марат Бекетаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, халық көбіне «көктемгі карантин шараларынан қазіргі карантин шаралары несімен ерекшеленеді?» деген сұрақты қояды.

«Әлбетте, бұл ретте құқықтық режим де ерекшеленеді. Өйткені көктемде азаматтарға үйде қалып, аса қажеттілік туындаған жағдайда ғана сыртқа шығу керектігі туралы кеңес берілді. Ал қазір экономика қатты зардап шекпес үшін бұл шаралар өзгертілді. Қатая түсті. Қазіргі уақытта бұл ережелер қоғамдық орындағы, жабық нысандардағы және көліктегі азаматтардың әрекетіне байланысты. «Олар өзін қалай ұстауы керек? Ережені бұзса, қалай жазаланады? Заңбұзушыға қандай әкімшілік жаза тағайындау керек?» деген сұрақтар төңірегінде пікірталас көп болды. Көктемде ҚР ӘҚБжК 476-бабы қолданылса, қазір 425-бап бойынша азаматтар жазаланып жатыр», - деді ол.

Марат Бекетаев осындай жауапкершіліктің құқықтық негізі тұрғысында заңгерлер біршама қызу пікірталасқа түскенін жеткізді.

«Жауап қарапайым: бұл норманың, баптың диспозициясы – заңнаманың бұзылуына сілтеме жасайды. Осы карантин шараларын енгізу барысында мұндай жауапкершілік заңнамада болмады. Дәл осы жағдай пікірталас туғызды. Бұл талаптар кейіннен Денсаулық сақтау министрінің 5 шілдедегі бұйрығына сәйкес санитарлық талаптарда нақты көрсетілді. Оны оқымаған адамдар «бұл не қылған ережелер?» деп жатыр. Бұл айналамыздағы талаптар – әлеуметтік қашықтықты сақтау, маска кию, санитайзер орналастыру талаптары. Бұл – біреу жасырып тұрған арнайы ережелер емес», - деді ол.

Еске сала кетсек, шілде айының басында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов карантин режимін бұзғандарға айыппұл салынатынын айтқан болатын.

«Карантин режимі мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған жеке тұлғалар 30 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК - 2778 теңге / 30 АЕК - 83 340 теңге), ал кәсіпкерлік субъектілері 230 АЕК (638 940 теңге) көлемінде айыппұл төлейді», - деді Е. Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметінде.


Жоғары қарай