Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Министр коронавирус тараған Алматыдағы ауруханаға қатысты комиссия шешімін жариялады

2020 жылдың 26 мамыр 2020 12:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматының орталық қалалық клиникалық ауруханасында коронавирустың таралуына байланысты жүргізілген комиссия тексерісінің нәтижесін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылдың 5-14 мамыры аралығында 14 адамнан, оның ішінде ұлттық және халықаралық деңгейдегі эпидемиологтардан, сондай-ақ медицина қызметкерлері кәсіподағының, Алматы қаласы әкімдігінің қоғамдық кеңесінің, медициналық қауымдастықтардың өкілдерінен жасақталған комиссия Алматыдағы орталық қалалық клиникалық ауруханада коронавирус инфекциясының таралуы фактісі бойынша тексеру жүргізді. Бүгін осынау эпидемиологиялық тексеруге қатысты қорытындыны алдым. Нәтижесінде мұндай бұзушылықтарды жоюға қатысты ұсыныс әзірленді», - деп жазды министр Facebook-парақшасында.

Елжан Біртанов орынбасары Людмила Бюрабековаға Алматыға барып, комиссия шешімін және бұзушылықтарды жою бойынша қабылданатын шараларды таныстыру үшін ұйым басшылығымен, медицина қызметкерлерімен кездесуді тапсырғанын атап өтті.

«Бірлесіп бағалау әрі мұнан ары шешім қабылдау үшін бұл мәліметтердің прокуратураға берілетіндігін де атап өткен маңызды. Бұған қоса, жергілікті Денсаулық сақтау басқармасының басшысына медицина қызметкерлерін нысанға санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілген кезеңде және көпбейінді стационар жұмысын бұрынғы режимде жандандырғанға дейін қаланың басқа медициналық ұйымдарына жұмысқа орналастыру, сонымен қатар қосымша жалақы төлеу және әлеуметтік қолдау мәселелерін шешуді тапсырдым», - деді ол.

Министрдің айтуынша, Орталық қалалық клиникалық аурухананың коронавируспен ауырған қызметкерлеріне төлем жасау жұмысқа уақытша жарамсыздық парағын ұсынғаннан кейін жүргізілетін болады.

«11-23 сәуір күндері инфекциялық, провизорлық және карантиндік жағдайда жұмыс атқарған орталықтың 350 қызметкеріне инфекциялық және провизорлық науқастармен жұмыс істегені үшін жалақыларына жалпы сомасы 59 млн теңге үстемеақы төленді», - деді Елжан Біртанов.

Айта кетейік, Алматыда коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің саны күрт артқан болатын. Олардың дені Орталық қалалық клиникалық аурухананың мамандары екені айтылды.

Осыған орай, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, ауруханада тексеріс басталды.

22 сәуірде Орталық қалалық клиникалық аурухана жұмысын тоқтатқаны хабарланды.
Жоғары қарай