Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Министр мектептегі дәретхана туралы: Ұсақ мәселе деп қарауға болмайды

2020 жылдың 20 қазан 2020 13:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Білім беру ұйымдарын жылы дәретханалармен қамтуды ұсақ мәселе деп қарауға болмайды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы ауқымды жұмыс жүргізілді. Бізге «бұл министрлік деңгейінде қарайтын мәселе емес» деген пікірлер жетіп жатыр. Бірақ, балалардың қауіпсіздігіне, денсаулығына байланысты мәселе болғаннан кейін мұны ұсақ жайт деп қарауға болмайды. Өте маңызды мәселе. Алдыңғы жылы Тараз қаласында орын алған оқиға әлі де естеріңізде болуы керек. Сондықтан бізге бұл мәселені шешу бойынша 10 ай бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасы болған. Қазір өздеріңіз көріп отырсыздар, бұған дейін 2 700 мектептің санитарлық-гигиеналық қажеттіліктері болмаса, бүгінде 2 456 мектепте жылы дәретханалар салынып, пайдалануға беріліп отыр. Қалғаны - 245. Оның 195-і қазір салынуда, қалған 50-і бойынша да жұмыс басталыпты», - деді Асхат Аймағамбетов министрліктің аппарат кеңесі барысында.

Сонымен қатар министр жылы дәретханалардың жұмыс істеп тұруы, одан кейін бөлек кабиналардың болуы, сумен қамтамасыз етілуі, басқа да мәселелер шешілуі керектігін баса айтты.

«Дәретахананы салғанымен оны жауып қойып, даладағы дәретханаға барып жүретіндей жағдайға жол бермеуіміз керек. Ондай жайттар да кездесіп тұрады, жасыратыны жоқ. Оны алдыңғы жылы көрдік. Сондықтан үлкен жұмыс жүргізілді деуге болады. Дегенмен, өңірлер бойынша жылдың соңына дейін жүргізілетін жұмыс көрсетілді. Білім басқармаларының басшылары осыны басты бақылауға алуы керек. Желтоқсанда бұл мәселені қайта қараймыз», - деді ол.

Айта кетерлігі, аппарат кеңесі барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің басшысы Гүлзат Көбенова Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында мектептерге жылы дәретхана салу мәселесі тежеліп отырғанын айтқан еді.

Жоғары қарай