Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

Министрдің болашақ педагогтармен кездесуінде саладағы түйткілді мәселелер қозғалды

2020 жылдың 29 қаңтар 2020 17:42

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Алматыда студенттермен кездесті. Бұл туралы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткен басқосуға болашақ педагог мамандар қатысты. Атап айтқанда, министр Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенттерімен саладағы түйткілді тақырыптар төңірегінде әңгіме өрбітті.

«Жақында білім беру саласы бойынша екі маңызды құжат қабылданды. Олар: 2020-2025 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы мен «Педагог мәртебесі туралы» Заң. Бұл құжаттар педагогикалық қызметкерлердің жұмыс жағдайын жақсарту мен білім сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар аттестаттаудың жаңа форматының қорытындысы бойынша 156 мыңнан астам педагогке біліктілік санаты берілді. Бұл өз кезегінде мұғалімдерге 30-дан 50 пайызға дейін қосымша ақы төлеуге мүмкіндік берді«, – деп атап өтті министр.

Сондай-ақ еліміздің бас педагогы балаларды маңызды ақпаратты дұрыс таңдауға және білімді тәжірибеде қолдануға үйрететін жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламаларының артықшылықтарын түсіндірді.

Кездесуде «Жаңа заң өскелең ұрақ тәрбиесіне араласатын педагог мамандар үшін қандай мүмкіндіктер береді?», «Алдағы уақытта еліміздегі білімнің сапасы арта ма, жергілікті жерлерде мектептер жетіспеушілігі шешіліп, материалдық базасы жаңара ма, алыс аймақтарға педагог мамандар бара ала ма?» сынды сұрақтар қаузалды.

Сонымен қатар ведомство басшысы білім саласын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстар жайында да атап өтті. Еркін диалогқа құрылған жиын барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, ұсыныстарын білдірді.

Сауалдардың басым бөлігі жоғары оқу орындары мен мектептердегі зертханалардың заманауи талаптарға сай келмеуімен, жекелеген пәндерді оқытуда кездесетін қиындықтар мен оқулықтар сапасы, дәстүрлі білім беру мен дуалды оқыту жүйесіндегі мәселелерді қамтиды.


Жоғары қарай