Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Мұғалім өзіне берілген 45 минут сабаққа қиянат жасамауы керек - маңғыстаулық жас ұстаз

2021 жылдың 11 желтоқсан 2021 11:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Марат Қаниев - жас мұғалім. Бүгінде ол туған ауылы Ақшұқырда балаларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен білім беріп жүр. Ұстаздық ете бастағанына 2 жыл ғана болған маңғыстаулық мұғалімнің өз жетістігі бар. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі Марат Қаниевті әңгімеге тартқан еді.

«Мен Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылының тумасымын. 2015 жылы М.Әбдіхалықов атындағы орта мектепті бітіріп, Түркістан қаласындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын меңгеріп шықтым. Университетті тәмамдаған соң туған ауылыма оралып, мектепте мұғалім болып еңбек ете бастадым. Міне, үшінші жыл қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып жұмыс істеп жатырмын. Біздің мектепте шамамен 1680 оқушы бар. Ал ауылда 12 мыңға жуық халық тұрады. Мұғалім мамандығына өз еркіммен, қалап келдім. Енді бала кезімізде бәріміз түрлі маман болуды армандаймыз ғой. Мен де кезінде біресе полицей болғым келді, ұшқыш та болғым келді. Нәтижесінде ұстаз болуды таңдадым», - деді Марат Қаниев.

Сондай-ақ, маңғыстаулық жерлесіміз ұстаздық жолға жүрек қалауымен келгенін айтты.

«Өткен жылы пандемия басталып, аяқ астынан қашықтан оқу форматына көштік. Расын айтқанда, бас кезде онлайн оқытудың қыр-сырын түсіне бермедік. Сөйтіп, өз бетімше 1-2 бейнесабақ әзірлеп, оны YouTube желісіне жүктедім. Алғашқы бейнесабақтарым өз әріптестерім мен желі қолданушылардың көңілінен шығып, қолдауға ие болды. Содан соң бейнесабақ түсіріп, оны желіге жүктеуді жетілдіре бастадым. Менің де тәжірибем арта түсті. Бейнесабақты қалай дайындау керектігі мен өткізуді жетік үйрене бастадым. Уақыт өте келе менің еңбегімді өз оқушыларым ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінен де оқушылар мен мұғалімдер көріп, игілігіне жарата бастады», - дейді ол.

Жас мұғалім пандемия кезінде YouTube желісіне 150-ден астам бейнесабақ жүктеп, ол сол кездің өзінде 800 мыңнан астам қаралым жинаған.

«Бүгінде дәстүрлі оқу форматына қайта көшкендіктен YouTube каналымның жұмысы уақытша тоқтап тұр. Бірақ алдағы уақытта қайта жандандырамын. Бейнесабақ бойынша алғысын айтып жатқан қаншама адам бар, кей әріптестерім өз идеяларын да ортаға салып жатыр. Жалпы пандемия, оның ішінде қашықтан оқыту ұстаздар үшін де, ата-аналар мен оқушылар үшін де күтпеген жағдай болды. Бұл бір сынақ болды, ол осыдан кейін кез келген жағдайға дайын болуымыз керектігін көрсетті», - дейді жас ұстаз.




Одан бөлек, маман ер адамдардың ұстаздық мамандықты таңдауына қатысты пікір білдірді.

«Біздің мектепте 34 ер мұғалім бар. Түрлі пәннің мұғалімдері. Күні кеше ғана мектепте ер мұғалімдердің слеті өтті. Облыстың ер мұғалімдері жиналып, мектептің шығармашылығымен танысып, ер адамдардың ұстаздықты таңдауы туралы ой-пікір алыстық. Жалпы соңғы жылдары мұғалім мамандығына деген көпшіліктің көзқарасы өзгеріп келеді. Бүгінде мұғалімнің мәртебесі заңмен қорғалған, оның үстіне жағдай да жасалып жатыр. Жағдаймен бірге жауапкершілік те артып келеді. Мұғалім боламын деген жастарды қолдап, құптаймын. Бастысы - мамандықты жүрегімен таңдаған жөн және үлкен жауапкершілік жүктелетінін сезінуі керек. Яғни, өзіне берілген 45 минут сабаққа қиянат жасамау қажет», - деді М. Қаниев.


Жоғары қарай