Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мүгедектігі бар 16 мыңнан астам адам протездік-ортопедиялық қызмет алды

2021 жылдың 30 шілде 2021 10:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар 16 мыңнан астам адам медициналық-әлеуметтік көрсеткіштер мен қарсы көрсеткіштерге сәйкес әзірленген оңалтудың жеке бағдарламалары негізінде протездік-ортопедиялық көмек қызметін алды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Жоғарыда көрсетілген қызметтерге протездермен, жүріс арбаларымен, таяқтармен, балдақтармен, ортопедиялық аяқкиіммен, бандаждармен, корсеттермен, туторлармен, реклинаторлармен, басұстағыштармен, супинаторлармен, емдеу белдіктерімен, балаларға арналған профилактикалық шалбармен және т.б. қамтамасыз ету жатады.

Портал мүгедектігі бар адамдарға өндіруші мен өнім берушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырысты жеткізу немесе алып кету арқылы алуға болады.

Порталда протездік-ортопедиялық қызмет көрсетуден басқа сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар алуға өтінім рәсімдеуге болады.

Ағымдағы жылдың басынан бері Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар 113 мыңнан астам адам оңалтудың техникалық құралдарын, 6 мыңнан астам – ымдау тілі қызметін, 31 мыңнан астам – жеке көмекшінің қызметін алып, 36 мыңға жуық – санаторлық-курорттық емделді және 122 мыңнан астам адам кепілдік берілген әлеуметтік топтамаға тапсырыстар рәсімдеді.

Бүгінде Порталда арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін 859 медициналық-әлеуметтік мекеме (бөлімшелер), 127 ОТҚ жеткізушісі, 13 мыңнан астам жеке көмекші қызметін, 250 ымдау тілін, 66 санаторлық-курорттық емдеуді, 135 кепілдендірілген әлеуметтік топтама бойынша өнім беруші тіркелген.

2020 жылғы 29 желтоқсаннан бастап Электрондық үкімет арқылы (eGov.kz) мүгедектігі бар адамдарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мемлекеттік қызметтерін көрсетуге электрондық өтінім беру мүмкіндігі іске асырылды. Осы кезеңде Электрондық үкімет порталы арқылы оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуге 110,5 мыңнан астам құжат рәсімделді.

«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған.

Порталды пайдалану бойынша кеңесті қолдаудың байланыс-орталығынан алуға болады, оған тілді таңдап және 4 санды басып,1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласу керек.


Жоғары қарай