Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша қандай жұмыстар атқарылуда

2021 жылдың 15 қазан 2021 22:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов министрліктің алқа отырысында әлеуметтік қамсыздандыруды жақсарту және мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бейнеконференция байланыс режиміндегі іс-шараға Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, «Атамекен» ҰКП өкілдері, вице-министрлер, Еңбек министрлігі департаменттерінің директорлары мен қоғамдық кеңес мүшелері, облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары, өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары қатысты.

Серік Шәпкенов өз сөзінде министрлік мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін шаралар кешенін іске асырып жатқанын атап өтті.

«Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау және өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірінші кезектегі міндеттерінің бірі болып табылады. Мемлекет басшысының 12 қазанда азаматтардың осы санатын әлеуметтік қамсыздандырудағы бірқатар жақсартушы нормаларды қамтитын жаңа заңға қол қоюы маңызды оқиға болды. Құжатта: мүгедектіктің I тобы бар адамдарды күту және оларға еріп жүру бойынша бірыңғай жәрдемақыны енгізу; алынатын жәрдемақыларды ұлғайта отырып, балаларды 7 жастан бастап мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді; мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақыны бір мезгілде алу; мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға тұрғын үй кезегін сақтау және басқалары көзделген», – деді министр.

Ведомство басшысы мүгедектігі бар адамдардың экономикалық белсенділігі үшін мүмкіндіктер жасалғаны туралы хабардар етті.

«Елімізде 700 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Еңбек етуге қабілетті 126 мың адам экономикада жұмыспен қамтылған, бұл шамамен 30%-ды құрайды. Жұмысты жақсырақ таңдау үшін олар үшін Кәсіптер атласы әзірленді, ол тіршілік-тынысының шектелу түрлері бойынша 432 комбинациядан тұрады, шамамен 3 мың кәсіпті қамтиды. Ағымдағы жылы жұмыспен қамту шараларымен 15 мың адам қамтылды», – деді Серік Шәпкенов.

Министр сондай-ақ әлеуметтік және кәсіби бейімделу мақсатында республиканың 11 өңірінде (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, СҚО, БҚО, Қостанай, Ақмола, Түркістан, Ақтөбе, Жамбыл облыстары) «Ten Qogam» орталықтары жұмыс істейтінін, олардың 9-ы осы жылы ашылғанын хабарлады. Орталықтарда психологиялық және құқықтық көмек, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі. Жыл соңына дейін мұндай орталықтар барлық өңірлерде ашылатын болады.

«Әлеуметтік оңалту қызметтерін кеңейту үшін министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп балаларға арналған 6 шағын жинақты оңалту орталығын ашты (Павлодар облысы – 150 баланы қамту; Қызылорда – 150; БҚО – 100; Ақтөбе – 350; Ақмола облысы – 100; Нұр-Сұлтан қаласы – 150). Бұл 5,8 мың баланы немесе 47%-ын оңалту қызметтерімен қамтуға мүмкіндік берді», – деп толықтырды Еңбекминінің басшысы.

Оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуді жақсарту үшін ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталына толық көшу жүзеге асырылды. Бүгінгі күні порталға 393 мың жеке оңалту бағдарламасы жіберілді, 261 мыңы немесе 66,3%-ы орындалды. Портал жұмысы жетілдірілетін болады. Мобильді нұсқаны әзірлеу, Портал арқылы пилоттық форматта инватакси қызметін ұсыну және т. б. жоспарлануда.

«Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру үшін министрлік бірқатар басым міндеттерді іске асыратын болады. Біріншіден, осы айда 6 өңірде – Ақмола, БҚО, Қарағанды, СҚО, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай жүргізу бойынша пилоттық жобаны іске қосу. Қалған өңірлерде осы жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Сараптама иесіздендірілген медициналық құжаттардың негізінде, сырттай, көрсетілетін қызметті алушы мен көрсетілетін қызметті беруші арасындағы байланыссыз жүргізілетін болады», – деді Серік Шәпкенов.

Екіншіден, Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында берген тапсырмасына сәйкес Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы әзірленді. Құжат Мәжіліске қарауға енгізілді.

Сонымен қатар, әлеуметтік қызмет жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ұлттық жоспардың жобасы әзірленді, онда әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшіру жөніндегі шаралар ескерілген.

«Төртіншіден, мүгедектігі бар адамдарды оңалту қызметтерімен қамтуды кеңейту міндеті шешіледі. 12 өңірде 2022-2024 жылдары әрқайсысы 150 орындық жаңа оңалту орталығын салу жоспарланған. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, жер телімдері бөлінді. Сонымен қатар, NUR OTAN партиясының бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасына сәйкес, алдағы 5 жылда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында балаларға арналған 15 орталық ашу жоспарланған», – деді министр.

Сондай-ақ, Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасына сәйкес қолжетімді ортаны қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылға дейін неғұрлым басым 22 мың объектіге (мемлекеттік мекемелер, ХҚКО, емханалар, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт объектілері), жыл сайын 4 400 объектіге қолжетімділікті қамтамасыз ету жоспарланған.

«11 қазандағы жағдай бойынша республика бойынша жылдық жоспар 76%-ға орындалды – азаматтардың барлық санаттары үшін 3 322 объектіге қолжетімділік қамтамасыз етілді. Объектілерді ерекше қажеттіліктері бар адамдарға бейімдеу сапасына мониторинг жүргізу бойынша қоғамдық бақылаудың өңірлік топтарының жұмысы жандандырылды. Барлық ескертулер жойылғаннан кейін, бейімделген объектілер бойынша ақпаратты өңірлер Қолжетімділік картасына енгізеді», – деді Серік Шәпкенов.

Жоғарыда көрсетілген жол картасында «Е-Собес» ақпараттық жүйесі негізінде техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету мониторингі көзделген.

«11 қазандағы жағдай бойынша республика бойынша қамтамасыз ету көрсеткіші шамамен 70%-ды құрады, жоспар бойынша – 80% және өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21,5%-ға өсті. Бұл өте жақсы, бірақ өңірлердің үштен бірінен көбі өз міндеттемелерін орындамайды. Қамтамасыз ету бойынша ең төмен көрсеткіштер Алматы қаласында (61,2%); Түркістан (64,8%) және Атырау облыстарында (65,9%) байқалады», – деп түйіндеді Еңбек министрлігінің басшысы.


Жоғары қарай