Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мүлік иелерінің бірлестігін қалай құруға болады: Алматы әкімдігі түсіндірді

2021 жылдың 21 қаңтар 2021 18:23

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі заң күшіне енді. Қала тұрғындары ПИК орнына кондоминиум объектісін басқарудың жаңа нысанын, яғни мүлік иелерінің бірлестігін немесе көппәтерлі үйдің жай серіктестігін таңдауға міндетті. Бұл туралы Алматы қаласы тұрғын үй саясаты басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Жандос Қайырханов онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі күні арнайы құрылған мобильді топтар 6700 көппәтерлі тұрғын үйді қамтитын 2400-ге жуық кездесу өткізді: 235 МӘС тіркелді және басқарудың жаңа формасы ретінде 325 қарапайым серіктестіктер таңдалды.

«Қолданыстағы заңнамаға түзетулер 2020 жылдың 7 қаңтарында енгізілді. Ал заңға тәуелді актілер 2020 жылдың наурыз-сәуір айларында бекітілді. Осыған байланысты қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды іске асыру жөніндегі жол картасы қабылданды. 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі мерзімге пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің жиналыстарын өткізу кестесі бекітілді және жаңа нысандарға көшу сұрақтары бойынша тұрғындарға кеңес беру мен жиналыстарды өткізу үшін әр аудан бойынша аудан әкімдіктерінің, Тұрғын үй саясаты басқармасының мамандарынан тұратын мобильдік топтар құрылды», - дейді Жандос Қайырханов.

Оның айтуынша, енді әрбір үйдің өз тексеру комиссиясы болады.

Бұрынғы заң бойынша ПИК жұмысына тұрғындардан көп арыз, шағым түскен. Негізінен қаржы жағынан болыпты, яғни ашықтық болмаған.

«Бұрын бір ПИК-ке жүздеген үй қараса, соның барлығына бір шот қана болған. Оның үстіне тұрғындар уақытылы есеп ала алмаған. Сондықтан төленген төлемдердің қайда кетіп жатқанын білмеген. Сол себепті бұл заңға өзгерістер енгізілді. Енді әрбір үйде ағымдағы шот және жинақ шоты болады. Ағымдағы шот қазіргі жұмыстарға, ал жинақ шоты келешекте болатын күрделі жұмыстарға арналады. Жаңа заңға сәйкес тұрығындардың күрделі жөндеу жұмысын жүргізу бойынша бірнеше жолы бар. Ол жинақ шоты, егер онда қаражат болмаса мемлекеттік бағдарламаға қатыса алады. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктерден несие алу арқылы үйге күрделі жөндеу жұмысын жүргізе алады», - деді ол.

Сонымен қатар, ол мүлік иелерінің бірлестігін қалай құруға болатынын түсіндірді.

«Бұл бағытта белсенді жұмыстар жүргізілуде. Алгоритм бойынша тұрғындар өздері жиналыс өткізе алады, оның барысында МИБ басқару нысанын таңдау туралы шешім қабылдайды. Сонымен бірге шешім қабылдау үшін пәтер иелерінің жалпы санының жартысынан көбі қатысуы қажет. Шешім қатысушылардың көпшілік даусымен, яғни 26% -дан кем емес дауыспен қабылданады»,- дейді спикер.

Айта кету керек, әкімдік қазіргі күрделі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, қала тұрғындарына жазбаша сауалнамаға көшу, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы пікірталас жүргізуді ұсынды


Жоғары қарай