Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мұнай-газ компаниялары Атырау облысының жаңа экологиялық жобасын инвестициялайды

2020 жылдың 30 қыркүйек 2020 15:15

АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында көгалдандыруға байланысты 10 жылдық жоба әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ержан Әбілхановтың төрағалығымен қоршаған ортаға зиянды ластаушы заттар шығаратын ірі кәсіпорын басшыларының қатысуымен өткен жиында белгілі болды. Кеңес Атырау қаласын көгалдандыру мәселесіне арналды.

Е.Әбілхановтың айтуынша, бұл жоба ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді жаппай көгалдандыру туралы тапсырмасына орай қолға алынған.

«Атырау облысы әкімдігі аталған тапсырманы іске асыру мақсатында Атырау қаласы мен оның айналасында ағаш отырғызу бойынша 10 жыл жүзеге асырылатын іргелі жоба дайындады. Бұл, көгалдандыруға арналған учаскелерді, жауапты орындаушыны және ағаш отырғызу кестесін айқындауды көздейді», - деді Ержан Әбілханов.

Аталған жобаны жүзеге асыруға инвестиция қажет. Осыған орай облыста ауаға негізгі қалдық шығарушылар – мұнай-газ өндіру және мұнай өңдеу кәсіпорындарын тарту көзделіп отыр. «Ластаушы қалпына келтіреді» қағидасына сәйкес ТШО, NCOC, «Ембімұнайгаз», Атырау мұнай өңдеу зауыты және басқалары негізгі кәсіпорындар ретінде анықталған. Аталған кәсіпорындарға көгалдандыру және 3-5 жыл бойы алғашқы күтім жасау үшін учаскелер бекітілмек. Бұл учаскелер қалаға немесе орман шаруашылығына беріледі.

Жиынға қатысушылардың айтуынша, осы жылдың қазан-қараша айларында қаланың өзінде алғашқы ағаштар отырғызылады. Ал келесі жылдан бастап Атыраудың айналасында «жасыл белдеу» құру басталады. Облыстың орман шаруашылығының облыста өсірілген, Атыраудың қатал климатына бейімделген көшеттермен қамтамасыз етуге әлеуеті жетеді.

ТШО, NCOC, Атырау мұнай өңдеу зауыты, «Eмбімұнайгаз» және өзге де компания өкілдері жобаға қатысатынын растады. Ал бір-екі аптадан кейін меморандумға қол қойылып, жұмыс басталады.

«Бұл жобаны іске асыру аймақтағы экологиялық ахуалды жақсартады. Қала тұрғындары үшін жаңадан демалалыс және серуендейтін орындар пайда болады. Сондай-ақ көп ұзамай біз тек «Атырау» емес, «Жасыл Атырау» деп айтатын күнге жетеміз деп ойлаймын», - деді облыс әкімінің орынбасары Ержан Әбілханов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау қаласын көгалдандыруға 4,69 млрд теңге жұмсалатынын хабарлап едік.


Жоғары қарай