Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мұнай қымбаттап, теңге бағамы нығайып келеді - Ұлттық банк

2021 жылдың 9 маусым 2021 20:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мамырда эталондық Brent сұрыпты мұнайдың бір баррелі 69,32 АҚШ долларына немесе 3,1%-ға қымбаттаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтты.

«Мамырда эталондық Brent сұрыпты мұнайдың бағасы бір баррель үшін 69,32 АҚШ долларына дейін, яғни 3,1%-ға өсті. Халықты вакциналаудың жалғасуы және карантин шектеулерінің жеңілдеуі АҚШ экономикасын жақсартып, мұнай бағасы 70 долларға дейін жетті. «ОПЕК+» ұйымы мұнай өндіру жөніндегі қолданыстағы келісім ұзартылғаннан кейін қосымша оң көрсеткіштер байқалады», - деді Әлия Молдабекова.

Ұлттық банк өкілінің айтуынша, соның әсерінен мамырда теңге бағамы 428,71 теңгеге дейін немесе 0,1%-ға нығайған.

«Салық аптасы мен бейрезиденттер инвестицияларының ұлғаюы теңге үшін қосымша оң факторлар болды. Экспорттаушылар салық кезеңінде шамамен 290 млн АҚШ долларын биржада конвертациялады. Ал бейрезиденттердің Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына келуі шамамен 100 млрд теңгені құрады. Барлық аталған оң факторлар аясында теңгенің шамалы нығаюы дивидендтер төлеу үшін шетел валютасына сұраныстың артуына байланысты болды», - дейді Ұлттық банк өкілі.

Сондай-ақ, ол валюта нарығындағы жағдай теңгерімді болғандықтан Ұлттық банктің интервенция жүргізуіне қажеттілік болмағанын айтады.

«Бюджетке трансферттер аудару үшін валюта нарығында 553 млн АҚШ доллары конвертацияланды. Квазимемлекеттік сектордың сату көлемі шамамен 340 млн АҚШ долларына жетті. Маусымда теңге бағамының нығаюы жалғасып отыр. Айдың басынан бастап мұнайдың ең жоғары бағалары аясында валюта 428,71-ден 426,70 аралығында немесе 0,5%-ға нығайды», - дейді Әлия Молдабекова.


Жоғары қарай