Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Науқас балаларды емдеу үшін Шымкентке қымбат препараттар жеткізілді

2022 жылдың 23 қаңтар 2022 18:53

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат- Науқас балаларды емдеу үшін Шымкентке әлемдегі ең қымбат препараттар жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігерлер бір құтысы 42 млн теңге тұратын дәрілік заттың ауыр дертке шалдыққан балаларға тигізер пайдасының көптігін айтып отыр.

Мәселен «Спинраза» дәрісі бұлшық еттің атрофиясы диагнозы қойылған балаларды емдеу үшін қолданылады.

Аталған дертке шалдыққан 6 баланың еміне қазір дәрігерлер осы дәрілік затты қолдануда.

«Бұлшық ет атрофиясында қимыл-әрекетке жауап беретін мотонейрондар зақымдалады. «Спинраза» дәрісінің көмегімен жасалатын инъекциялық терапия дәл сол қимыл әрекетке жауапты геннің орнын басады. Соның салдыранан баланың белсенділігі артып, әрекеті көбейіп, белсенді өмір сүреді»- дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының невролог дәрігері Гүлжахан Маханбетова.

Қала тұрғыны Азизбек Кудратуллаевтың 3 жасар баласын емдеу үшін қалалық клиникалық балалар ауруханасының дәрігерлері «Спинраза» препаратын қолдануда.

Алғашқы емдеу курысының өзінде жас әке ұлының денсаулығында оң өзгерістер барын байқапты.

«Бұрын аяғын белін мүлдем қимылдата алмайтын. Ал қазір ақырындап қимылдатып, өз бетінше әрекет етуге тырысуда. Бұл емнен жақсы нәтиже күтеміз»-дейді Азизбек Кудратуллаев.

Осылайша жаңа препаратты емдеу жұмыстарында қолданған ақ халаттылар төсекке таңылған балалардың емінде оң өзгерістерге қол жеткізуде. Бұл туралы Алматы және Шымкент қаласындағы балалар ауруханаларындағы дәрігерлердің қатысуымен өткен мастер-класта кеңінен сөз болды.

Айта кетейік, бүгінгі күні қала бойынша бұлшық ет атрофиясына шалдыққан 11 бала есепте тұр.

Жоғары қарай