Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Назарбаев халықаралық әуежайында Ashyq қосымшасы іске қосылды

2021 жылдың 12 мамыр 2021 10:47

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында Ashyq қосымшасы ресми түрде іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әуежайда Ashyq қосымшасы апта басынан бері жұмыс істеп тұр. Алдыңғы екі күнде жүйе тест режимінде іске қосылған. Сол аралықта 1 адамда «қызыл» түсті, 4 адамда «сары» түсті мәртебе анықталып, ғимараттың кіре берісінен кері қайтарылған.

Ashyq қосымшасының бүгіннен бастап ресми іске қосылуына байланысты барлық келушіге алдын ала қосымшаны жүктеп алып, өз мәртебесін тексеру қажет. Ал жолаушылар билет сатып алмай тұрып мәртебесін анықтау керек.




Ashyq.kz қосымшасы арқылы күйді тексеру үшін QR код қолжетімді. «Сары» және «қызыл» түсті мәртебесі бар жолаушыларға терминал ғимаратына кіруге рұқсат берілмейді. Әуежайға келуші өз мәртебесін алдын ала мобильді қосымшаны жүктеп алып, Ashyq.kz сайтына кіріп үйден шықпай тұрып біле алады. Жолаушының мәртебесі «қызыл» түсті екені әуежайда анықталса, билет құны қайтарылады. Ол үшін әуе компаниясына жүгіну қажет. «Қызыл» немесе «сары» статус анықталған жолаушыларды әуежайдың өз алгоритмі бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдеріне тапсырамыз. СЭС және полиция қызметкерлері бізбен бірге 24 сағат бойы жұмыс істеп жатыр», - дейді әуежайдың баспасөз хатшысы Әнуар Шалекенов.




Ashyq қосымшасын жүктеген адам өз статусын білу үшін әуелі тілді таңдауы керек. Содан кейін телефон нөмірі бойынша тіркеледі. Енгізілген нөмірге коды бар SMS хабарлама келеді. Сол код арқылы тексеру жолына өтіп, жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізіп, терминалға кірген кезде QR код беріледі. Осы QR код арқылы жолаушы мәртебесі анықталады.

Ал шетелдіктер ЖСН орнына паспорт нөмірі арқылы өз мәртебесін анықтай алады.

«Әуежайға келушіде Ashyq жобасын орнататын смартфон болмаса немесе мобильді қосымшаны жүктеп үлгермесе, әуежайдың жауапты қызметкері өзінің мобильді қосымшасымен келушінің ЖСН-sн енгізу арқылы тіркеуге көмектеседі. Сол үшін қызметкерлерге 20 арнайы планшет бөлдік», - дейді Әнуар Шалекенов.







Ashyq жобасын смартфонға жүктеп үлгермеген жолаушылармен сөйлесіп көрдік.

«Алматыға ұшу үшін келген болатынмын. Ashyq қосымшасын орнатып үлгермеген едік. Кіре берісте әуежай қызметкерлері ЖСН нөмірім арқылы мәртебемді анықтап, кедергісіз өткізді. Көріп тұрғандарыңыздай, ешқандай кезек кептелісіне тап болған жоқпын», - дейді Альбина Алтынбек есімді жолаушы.

Әуежай өкілі Әнуар Шалекенов кеше ғимараттың кіре берісінде кезек неге қалыптасқанын түсіндірді.

«Ashyq қосымшасы бүгінге дейін тест режимінде жұмыс істеген еді. Сондықтан таңғы рейс кезінде адам шоғыры қалыптасты. Бірақ бүгін ол түйткілді жойдық. Әуежайдағы 4 кіре беріс те ашық тұр. Жолаушылар мен келушілер ғана емес, әуежайдың барлық қызметкерлері ғимаратқа тек Ashyq қосымшасы арқылы кіреді», - деді Әнуар Шалекенов.

Еске салсақ, ҚР Көліктегі бас санитар дәрігерінің кеше шыққан қаулысы бойынша әуежай мен теміржол вокзалына кіру тәртібі өзгерді.




















Жоғары қарай