Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Нұр-Сұлтанда бес жылдан бері үйсіз жүрген 600 үлескер биыл баспаналы болады

2020 жылдың 17 қазан 2020 13:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда бес жылдан бері баспанасын күтіп жүрген 600-ге жуық үлескер биыл жаңа пәтерге қоныстанады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында қала әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында мәлім етті.

«Баспана Көктал» көппәтерлі тұрғын үй кешені бірнеше жер учаскесінде орналасқан. Ол 13 үйден тұрады. Оның біреуі ғана аяқталды. Бес жыл бұрын қалған 12 үй құрылысы ұзаққа созылған нысан ретінде танылды. Олардың әрқайсында шешілмеген, проблемалық мәселелер болды: шатырдан су кету, қасбеттің, терезелердің, есіктердің, лифт шахталарының болмауы. Жарық, жылу, су мен кәріз жүйелері де инженерлік желілерге қосылмады. Үлескерлермен бірнеше рет кездесіп, жоспарлы құрылыс кестесін құрдық» деп жазды шаһар басшысы.

Оның сөзіне сенсек, бұл үйде 600-ге жуық отбасы пәтерін күтіп жүр. Бұрынғы құрылысшы бірнеше қабатты заңсыз салып, лифті қарастырмаған. Құрылыс саласындағы қолданыстағы нормаларға сәйкес ғимарат 6 қабаттан асса, міндетті түрде лифтімен қамтамасыз етілуі тиіс.

Сондай-ақ, өртке қарсы эвакуациялық баспалдақтар да болмаған.





«Осыған байланысты лифті мен эвакуациялық баспалдақ орнату үшін бөлімдерді бөлшектеу қажет болды. Барлық аталған құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғын үй кешенін «Елорда құрылыс компаниясының» қатысуымен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салып жатырмыз. Құрылыс қарқынын күшейтіп, үйлерді жыл соңына дейін аяқтауды тапсырдым. Аумақты абаттандыру көктемге жоспарланған» дейді Алтай Көлгінов.

Еске сала кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтанда құрылысы ұзаққа созылған «Алтын Шар» тұрғын үй кешеніндегі жұмыстар аяқталып, 200 отбасы пәтер кілтін алғанын жазған болатынбыз.








Жоғары қарай