Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Нұр-Сұлтанда «Бұрқасын-2021» қысқы фестивалі өтті

2021 жылдың 28 ақпан 2021 20:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада жыл сайынғы дәстүрлі «Бұрқасын-2021» қысқы фестивалі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Аталған бәсеке қысқы спорттың 8 түрінен өтті. Нақтырақ айтқанда, шаңғы жарысы, гір тасын көтеру, қол күресі, пималы хоккей, қармен нысананы дәлдеп ату, автоспорт, мотоспорт және қысқы футбол.

Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

«Бұл «Бұрқасын-2021» қысқы фестивалі дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылады. Көріп отырғанымыздай, сайысқа кішкентай баладан аға буынға дейін қатысып жатыр. Қысқы ойындарға қатысып, белсенділік танытып жатқан спортшыларға үлкен алғыс айтамыз. Біздің мақсатымыз – салауатты өмір салтын және спортты насихаттау. Баршаңызға сәттілік тілеймін», – деді Б.Мәкен.

Сонымен қатар, қысқы фестивальге қатысқан елорда тұрғындары мен спортсүйер қауымды Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Мәдениет және спорт министрлігінің атынан құттықтап, шараны ұйымдастырған Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне алғыс білдірді.

Шаңғы жарысына 4 жастағы бүлдіршіннен 50 жасқа дейінгі спортшылар қатысты. Сондай-ақ осы спорт түрінен сайысқа түскен жас сарбаздар мен әскери қызметшілер салауатты өмір салтын ұстанып, үлгі көрсетті.

«Бұрқасын-2021» фестиваліне қатысқандағы мақсатымыз – жастар мен жасөспірімдерді спортпен айналысуға насихаттау, жастарға үлгі болу. Біз үшін қазіргі қоғамдағы жастардың денсаулығы маңызды. Сол себепті бос уақытын тиімді пайдалансын деген оймен «Жас сарбаз» қоғамдық бірлестігінің атынан 30-ға жуық жасөспірімді қатыстырып отырмыз. Жеңіске жетеміз деген үмітіміз бар», – деді «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек.


Басты сөздер: Видео, Нұр-Сұлтан, Спорт,
Жоғары қарай