Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 388.49
EUR 427.26
RUB 6.06
CNY 55.32

Нұр-Сұлтанда Гарвард конференциясы қалай өтті

2019 жылдың 29 тамыз 2019 14:26

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тамыздың 16-сы мен 20-сы аралығында елордада Халықаралық Гарвард конференциясы өтті. Қазақстандағы Жастар жылын атап өту аясында өткен шарада 40-тан елден келген 500-ден астам қатысушы бас қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан HPAIR Asia Conference конференциясын Орталық Азия өңірінде ең бірінші болып өзінде өткізген мемлекет болып отыр. Мәртебелі шараны Назарбаев Университетінің студенттерімен бірге Гарвард университетінің Өнер және ғылым факультеті жанындағы HPAIR коммерциялық емес ұйымы ұйымдастырды. Айта кетерлігі, осынау халықаралық шараны өткізу құқығын Назарбаев Университетінің студенттері Сингапур, Жапония, Қытай, Тайвань және Үндістан жоғары оқу орындарымен бәсекеде жеңіп алған болатын.

Конференцияның мақсаты – Азияның алдында тұрған барынша маңызды экономикалық, саяси және әлеуметтік проблемаларды талқылау және зерделеу үшін студенттер мен жас мамандар арасында тәжірибе алмасу үшін пікірталас тұғырнамасын құру.

Ағымдағы жылғы конференция тақырыбы - «Passion for change» («Өзгерістерге құштарлық»). Оның аясында әлеуметтік саясат және инклюзивті даму, әлемдік экономика, қауіпсіздік және дипломатия, бизнес және технологиялар, қоршаған ортаның тұрақтылығы және энергетика, мәдениет және медиа сынды алты бағытта пікірталастар мен талқылаулар орын алды.

Бұл жолғы конференцияда түрлі салаларды қамтитын халықаралық ұйымдардың басшылары, қоғам қайраткерлері, оның ішінде Еуразиялық Одақтың Орталық Азиядағы арнаулы өкілі Питер Бурьян, Халықаралық валюта қоры Азия-Тынық мұхиты өңірі үшін өңірлік бөлімше директоры Чикахиса Суми, World Bank Group бас техникалық директоры Лесли Го, Forest Wolf негізін қалаушы Кристал Лим-Ланж, Индонезияның бұрынғы Қаржы министрі, Индонезия инфрақұрылым институтының негізін қалаушы әрі төрағасы Чатиб Басри, McKinsey & Company аға серіктесі және McKinsey Бүкіләлемдік институтының директоры Джонатан Вотцель сынды танымал адамдар болды. Жалпы, шара барысында 70-тен астам халықаралық және өңірлік спикер сөз сөйледі.




«Қазақстанда жаңа бір дүниелерді қолға алып, дами түскісі келетін бастамашыл адамдар өте көп. HPAIR 1991 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын оқыдым және сол жылы Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін алды. Конференция тақырыбын, цифрландыру мен өзгерістерге деген құштарлықты қаперге алар болсақ, Қазақстанда конференция өткізу үшін өте қолайлы сәт», - деді HPAIR 2019 конференциясының ашылуында сөз сөйлеген Қазақстандағы АҚШ Елшісінің орынбасары Теодор Линг.

Айта кетейік, Гарвардтың Азия және халықаралық қатынастар жөніндегі жобасы» (The Harvard College Project for Asian and International Relations / HPAIR) - Гарвард университетінің Азия елдерінде өткізетін ең ірі студенттер конференциясы. Ол студенттер мен жас кәсіби мамандар Тынық мұхиты және Азия елдеріндегі маңызды экономикалық, саяси және әлеуметтік мәселелерді талқылау үшін ұйымдастырылады. 1991 жылдан бері конференция әлемнің 12 елінде өтіп, оның аясында жалпы 32 000 қатысушы бас қосты. Конференцияда түрлі елдердің басшылары, белгілі ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары, дипломаттар, халықаралық ұйымдардың басшылары баяндама жасайды.




Жоғары қарай