Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Нұр-Сұлтанда үй ішіне газ кіргізу құны 30 пайызға арзандады

2021 жылдың 27 қаңтар 2021 10:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда үй ішіне тікелей газ орнату құны 30%-дан астам төмендеді. Елорда әкімдігі монтаждау жұмыстарының құрылысына маманданған жеке ұйымдармен бірнеше рет кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, мысалы, «Әлия сервис» ЖШС үй ішінде газ өткізу құнын 240 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін төмендетті (37,5% - ға), «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ - 123 мың теңгеге жуық және басқа да бірқатар жеке ұйым үй ішіне газ өткізу құнын арзандатты.

Бұл сомаға газ жабдығы мен жиынтықтауыштардың құны кірмейді.

Естеріңізге сала кетейік, тұрғын үй алаптарында газ тарату желілерін, оның ішінде үйлер бойындағы орамішілік желілерді салумен Нұр-Сұлтан әкімдігі айналысады, ал үй ішіне тікелей жеткізуге жеке ұйымдар жауапты.

Тұрғындар кез келген мамандандырылған компанияны таңдауға құқылы.

Жобаның әлеуметтік маңызын ескере отырып, әкімдік жеке ұйымдармен монтаждау жұмыстарының құнын төмендету бойынша келіссөз жүргізуде.

Есептегіштер азаматтарға тегін беріледі.




Қаланы газдандыру үш кезең бойынша жүргізіледі.

Биылғы жылыту маусымында Железнодорожный, Көктал-2, Агроқалашықтың бір бөлігі газға көшіріледі.

Сонымен қатар, Көктал-1, Промышленный, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарында құрылыс-монтаждау жұмысы жүргізіліп жатыр.

Аталған тұрғын алаптарында газбен жабдықтаудың ішкі желілерін жүргізген тұрғындар газға қосылу үшін «ҚазтрансГаз Аймақ» АҚ-ға жүгіне алады (Республика даңғылы, 24, «Парасат» БО).

Бұл ұйым газбен жабдықтаудың ішкі желілерінің қауіпсіздігімен және тікелей қосылуын тексерумен айналысады, сондай-ақ одан әрі пайдалануға жауап береді.

Елорданы газдандыру - Елбасының тарихи жобасы. Ол экологияны жақсартып қана қоймай, жеке сектор тұрғындарының өмір сүру жағдайын айтарлықтай жеңілдетеді.

Газдандыру процесі Мемлекет басшысының бақылауында.

Еске сала кетейік, кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы газдандыру мәселесіне ерекше тоқталып, газды үйге кіргізу бағасының тым қымбат екенін алға тартқан еді.

«Елорданы газдандыру жұмысын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі тікелей тапсырған еді. Қазір бірақ азаматтардың үйлерін газға қосу қарқынын сақтау керек. Жеке үйлердің газға қосылуы жағынан мәселе барын естіп жатырмыз. Себебі олар үшін газға қосылу бағасы жылына 500-700 мың теңгеге дейін барады екен. Бұл өте қымбат сома секілді. Бұл мәселені қалай шешесіздер?» - деп сұрады Президент әкімнен.

Бұл сұраққа жауап берген Нұр-Сұлтан қаласының әкімі тұрғындар тарапынан газдың бағасына деген келіспеушілігі болғанын мойындады.

«Біз мердігерлерден бағаны төмендетуді сұрадық. Мәселен мердігерлер бұрын газға қосу үшін ғана 240 мың теңге сұрайтын. Қазір бұл қызметті 150 мың теңгеге дейін азайттық (бұл сомаға газ құрылғысы мен қосалқы бөлшектер құны кірмейді - авт.). Олар келісті. Тұрғындар оған қуанып жатыр. Газдандыру қарқынын азайтпаймыз. Бәрі жоспарда», - деді Алтай Көлгінов.








Жоғары қарай