Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Нұр-Сұлтанның әлеуметтік инфрақұрылымы штаттық режимде жұмыс істеуде

2022 жылдың 10 қаңтар 2022 16:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінде елордадағы жағдай тұрақты және толық бақылауда. Қала басшысының төрағалығымен тәртіп орнату және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жедел штаб жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қала әкімдігі Мемлекет басшысының Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында берген тапсырмаларын орындау бойынша барлық шараларды жүзеге асыруда. Елордада төтенше жағдай режимі кезінде қоғамдық көліктің, коммуналдық қызметтердің, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің және бизнес субъектілерінің, оның ішінде сауда объектілерінің, базарлардың, дүкендер мен дәріханалардың жұмыс істеу тәртібі бекітілді және штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.

Сондай-ақ, сауда объектілерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бағаның өсуіне жол бермеу бойынша мониторинг жүргізілуде. Банкоматтардан қолма-қол ақша алу мәселесі реттелген. Азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесінде де ешқандай кедергілер жоқ.

Нұр-Сұлтан қаласының периметрі бойынша блокпостар орнатылды: оның ішінде Қарағанды, Қосшы, Көкшетау, Павлодар бағыттарына, сондай-ақ Қорғалжын, Астраханка елді мекендеріне шығатын бағыт бойынша. Блокпостарда құқық қорғау органдарының қызметкерлері тыйым салынған заттардың бар-жоғын анықтау үшін азаматтардың құжаттарын, сондай-ақ көліктерді тексереді. Азаматтар блок-бекеттерден тек күндізгі уақытта өте алады. Коменданттық сағатта – 23:00-ден 07:00-ге дейін-блокпосттар арқылы азық-түлік қауіпсіздігі мен қаланың тыныс-тіршілігіне жауапты адамдар мен автокөліктерге ғана кіруге рұқсат етіледі.

Тұрғындарды, барлық меншік нысанындағы заңды тұлғаларды төтенше жағдай режимін, коменданттық сағатты сақтауға, адам көп жиналатын орындарға бармауға және заңсыз жиналыстарға шықпауға шақырамыз. Осы шаралардың бәрі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданады.

Еске салайық, елордада SARS-Cov-2 вирусының «Омикрон» штамының айналымына байланысты қаладағы эпидемиологиялық жағдай нашарлауда, сондықтан қала тұрғындары санитарлық нормаларды қатаң сақтау керек.


Жоғары қарай