Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

Нұрлан Ноғаев: Теңіздегі қазіргі жұмыс жағдайы жұмысшылардың көңілінен шықпайды

2019 жылдың 2 шілде 2019 16:16

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ірі мұнай компаниялары мен олардың мердігерлерімен жиналыс өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атырау облысының әкімі Теңіз вахта қалашығындағы оқиға еңбек жағдайының барлығына бірдей болмауы салдарынан туындағанын, сондықтан ТШО мен мердігер мекемелер жағдайды түбегейлі өзгертуге күш салуы керектігін атап өтті.

«Еңбекақы айырмашылығы туралы шағым көп. Жалақы, жұмысшыларды үстеме жұмыстарға тартқаны үшін төленетін ақылардың уақыты кешіктіріледі. Мереке, демалыс күндері істеген жұмыстар үшін пайдаланылмаған күндерге өтемақы төлеу уақыты бұзылады. Жұмыс күні кестесін өздері белгілейтін деректер бар. Теңіз жобасында мердігер мекемелердің бірінің басшысы күн сайынғы жұмыс күнін өз бетінше 4 сағатқа көбейткен. Ұжымның наразылығы мен еңбек инспекциясына шағымданудан кейін жағдай қалыпқа келді. Көпшілігі жұмыс берушінің заңсыз әрекетін, Еңбек кодексінің талабына сәйкессіздікті ашып айтуға қорқады. Жұмыс беруші қандай да бір себеп тауып, жұмыстан шығарып жіберетінін айтып қорқытады. Мұндай деректер бар. Күзет фирмасының өкілдері нысандарда қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау бойынша тікелей қызметтік міндеттемелерін орындаудың орнына жұмысшыларды қорқытумен айналысқаны жөнінде деректер бар. Шағым айтқан жұмысшыдан құтылудың түрлі құйтырқы әрекеттерін жасаған фактілер де кездеседі. Бұл, әрине, адамды ашындыратын, тіпті дау-жанжалға әкелетін жағдай. Сіздердің міндет - осындай жағдайлардың алдын алу»,-деді Нұрлан Ноғаев.

Облыс әкімі қазіргі еңбек жағдайы мердігер мекемесіндегі жұмысшылардың көпшілігін қанағаттандырмайтынын атап өтті.

«Шағым өте көп, құрметті жұмыс берушілер! Бұрын бұл жағдай қалыпты саналса, енді соны өзгертетін уақыт жетті. Мемлекет басшысының бірдей жұмыс істейтін мамандардың азаматтығына қарамай, бірдей лайықты еңбекақы төлеу жөнінде тапсырмасы бар. Иә, белгілі бір қызметтік иерархияға келісемін, барлығын теңестіруге болмайды, бірақ әділдік болуы тиіс. Бір ұжымда бірдей жұмыс істеген екі адамның бірі 300 доллар, екіншісі 3000 доллар алмауы керек, халық көріп отыр. Көпшілігі мұны істеген жұмысы мен көрсеткен қызметіне адал ақы алмауымен байланыстырады. Тапсырыс берушілер, ТШО, НСОС немесе басқа ірі компаниялар болсын, өз тарапынан еңбекақыны әділ төлеп отырғанын айтады, бірақ соңында бәрібір белгілі болып қалады. Жұмысшының қолына ең соңында шамалы тиын-тебен түседі. Сосын ол өзімен бірдей жұмыс істеген шетел азаматының еңбекақысын көріп, өзіне «мен неге зардап шегуім керек?» деген сауал қояды»,-деді әкім.




null

Нұрлан Ноғаев жергілікті атқарушы органдар барлық еңбекақыны көтеруге міндеттемейтінін, компаниялардың өндірістік міндеттемелерін шешпейтінін атап өтті.

«Мен сіздердің алдарыңызға Еңбек кодексінің, еліміздегі барлық заңдардың, соның ішінде көші-қон заңнамасының бұзылуына жол бермеуміндетін қоямын. Барлық жұмысшыға тең, қолайлы жағдай жасалуы керек. Біз өз тарапымыздан сіздердің бастамаларыңызды күтіп отырмаймыз, жұмыс істейміз. Егер жағдайды өз еріктеріңізбен өзгерткілеріңіз келмесе, заңға сәйкес әрекет етуге күшіміз жетеді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары жетекшілік ететін ведомствоаралық комиссия барлық мәселелерді қарап, олардың шешілуін бақылауда ұстайды»,-деді жиналғандарға аймақ басшысы.

Жоғары қарай