Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Нұрлан Нығматулин «Түркістан» телеарнасын Түркі мемлекеттеріне ортақ арна етуді ұсынды

2021 жылдың 28 қыркүйек 2021 13:17

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Түркістан қаласында өтіп жатқан Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының X пленарлық отырысында Қазақстанның ТүркПА-ға төрағалығының негізгі бағыттарына назар аударды, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.

Сессия жұмысына ТүркПА-ға мүше елдердің Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркияның, сондай-ақ қонақ ретінде Өзбекстанның және бақылаушысы мәртебесімен Мажарстанның парламенттік делегациялары, Түркі ынтымақтастығы ұйымдарының, бақылаушы ұйымдардың және басқа да мекемелердің басшылары мен өкілдері қатысты.

Нұрлан Нығматулин, Ассамблея қызметінің алдағы негізгі бағыттары ең алдымен, Түркі әлемінің ұзақ мерзімді мақсаттарын іске асыруға серпін беретін «Түркі келешегі – 2040» стратегиялық құжатын әзірлеу екенін айтты.

- Біз Кеңесте ТүркПА-ның Модельдік заңдар туралы ережесін қабылдадық. Сонымен бірге ТүркПА заң жобалау қызметінің 2022-2027 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлейтін боламыз.

Жаңа цифрлық технологиялардың дамуы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көңіл бөлуді қажет етеді. Сондықтан, біз «Киберқауіпсіздік туралы» модельдік заң қабылдауды ұсынамыз, - деді Палата Спикері.




Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, тағы бір негізгі бағыт – ол халықаралық қатынас.

Сонымен қатар, отырыс барысында қауіпсіздік жағдайына ерекше назар аударылды. Бұл бағытта, әсіресе, Ауғанстандағы қазіргі жағдай алаңдатып отыр. Қазіргі уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстанға көмек көрсету миссиясының қызметкерлері уақытша Алматыға көшірілді.

Осыған орай, Мәжіліс Төрағасы бүгінгі күні аталған елдің гуманитарлық дағдарыс алдында тұрғанына баса айтып:

- Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Алматыда халықаралық гуманитарлық - логистикалық хаб құруды ұсынамыз. Тағы бір мәселе ТүркПА-ға қатысушы мемлекеттер аясын кеңейту, - деді.

Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы мерейтойлық отырысқа Өзбекстан Парламентінің өкілдері де қатысып отырғанына қуанышты екенін жетікізіп, қазіргі уақытта Түркмен әріптестермен де парламентаралық байланыстың нығайып келе жатқанын атап өтті.

Нұрлан Нығматулин Түркі әлемінің бірлігі біздің елдеріміз арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтумен тікелей байланысты екеніне назар аударып, төрағалық барысында мәдениет, ғылым және білім саласындағы қатынастарды одан әрі нығайтуға ерекше көңіл бөлетініне тоқталды.

Мәжіліс Төрағасы отырыс барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен биыл «Түркістан» телеарнасы ашылғанын, аз ғана уақыттың ішінде бұл телеарна заманға сай үздік техникалармен қамтамасыз етіліп, жоғары кәсіби мамандармен толыққанын айтты.




- Түркістан бүкіл Түркі әлемінің «рухани Астанасы» болғандықтан, аталған телеканалды жалпы Түркі мемлекеттеріне ортақ арна жасауды ұсынамын, - деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс Төрағасының пікірінше, ол елдеріміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси даму жолын және парламенттер қызметін жан-жақты насихаттап, бүкіл Түркі елдеріне қажетті ақпараттық
орта қалыптастыруға үлес қосатын болады.


Жоғары қарай