Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Нұрлыбек Рысқалиев: Бейінді маманның қабылдауын және диагностиканы күту 10 күннен аспауы керек

2021 жылдың 18 шілде 2021 18:17

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елордадағы филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров медициналық көмек көрсету, медициналық қызмет сапасы, күту мерзімінің ұзақтығы және тағы басқа сұрақтарға жауап берді.

- Нұрлыбек Рысқалиұлы, өткен жылы еліміздің денсаулық сақтау саласына енгізілген медициналық сақтандыру жүйесі әлемдегі пандемия әсерінен бе, сырт көзге әлі жолға түсе қоймаған секілді. Қор жұмысы қалай жүруде?

- Жалпы, медициналық сақтандыру жүйесі – халыққа сапалы медициналық қызметтің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған.

МӘМС жүйесі енгізілгелі бері, пандемия жағдайындағы кедергілерге қарамастан, көп жұмыс атқарылуда, медициналық қызмет алға жылжуда.

МӘМС жүйесіне мүмкіндігіне қарай төлем жасаған әр азамат МӘМС бойынша көмек алу үшін жүгінген кезде қажетіне қарай ем алады, тіпті қажет болған жағдайда құны қымбат жоғары технологиялық медициналық қызметтер де МӘМС жүйесінде тегін жасалады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаржы операторы рөлін атқарады. Қор осымен төртінші жыл қатарынан кепілдендірілген тегін медициналық көмек және медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтерге ақы төлеп келеді.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша айтатын болсақ, 2021 жылға арналған сатып алу жоспарына сәйкес халыққа медициналық көмек көрсету үшін 17,2 млрд теңге, оның ішінде тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемі (ТМККК) аясында – 9,2 млрд теңге, ал медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетіндегі медициналық қызметтерге – 8 млрд теңге қарастырылған.

Қазіргі уақытта қор елордадағы 108 медициналық қызмет жеткізушімен шарт жасалған, оның 71-і – жекеменшік клиника. Жыл өткен сайын тұрғындарға медициналық қызмет көрсететін жекеменшік қызмет жеткізушілер үлесі артып келеді. Бұл пациенттің үздік клиниканы таңдауына мүмкіндік береді. Медициналық қызмет жеткізушілер тізімін қордың сайтынан қарауға болады

- Сақтандыру қоры арқылы адамдарға нақты қандай көмектер көрсетіліп жатыр?

- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері сұранысқа ие КТ, МРТ, жоғары технологиялық медицина қызметтері, консультация-диагностика қызметтері, гормон, витамин көрсеткіштерін анықтайтын зертханалық тексеру, оңалту қызметі, бұрын варикоз ауруында ақылы түрде ғана жасалатын ультрадыбыс аблация, инъекция склеротерапиясы, жүрек қан тамыры ауруын анықтайтын коронараграфия зерттеуі, т.б. секілді медициналық көмектерді қазіргі уақытта МӘМС жүйесі енгізілгелі барлық азаматтар тегін жасата алады. Медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін құны қымбат медициналық қызметтер: ангиохирургия, офтальмология, кардиохирургия, нейрохирургия, травматология-ортопедия бағытында пациенттерге жасалып жатқан оталар саны, сондай-ақ ЭКО процедуралары артты.

Жүрек қағысының бұзылуы кезінде эндоваскулярлық ота жасау секілді - жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қолдану көрсеткіші артқаны байқалады. Мысалы, автоматты кардиовертер/дефибриллятор имплантациясы 1,5 есеге артты. Мұндай оталардың орташа құны 6 млн теңгеден асады.

Шала туған балалардағы ретинопатияны емдеу оталары 1,5 есеге, электромагнитті есту аппаратын имплантациялау 1,3 есеге өскені байқалады. Оталардың орташа құны 5,5 млн теңгеніү Мұндай оталар балалар мүгедектігінің алдын алады.

МӘМС жүйесін енгізгелі бері амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қолжетімділігі де артты. Егер бұрын пациенттерге 45 сырқат бойынша дәрілік препараттар қолжетімді болса, қазір 138 сырқат түрлері бойынша дәрілік препаратты тегін алуға болады.

Сондай-ақ, МӘМС жүйесін енгізгелі бері медициналық оңалту шараларын қаржыландыру артқанын да айта кету керек. 2021 жылы медициналық оңалту шараларын қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 7,5 млрд теңгеге дейін өсті.

Бұл осы бағыттағы жұмыстарды ынталандырып, жаңа оңалту орталықтары, медицина ұйымдарында оңалту кабинеттері мен бөлімшелері ашыла бастады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалы 2021 жылы оңалту қызметін көрсететін 45 медицина ұйымымен келісімшарт жасады. Олардың ішінде: жекеменшік – 20, мемлекеттік – 22, республикалық – 3 медицина ұйымы бар.

Жыл басынан бері елордада 3,23 млрд теңгеден аса сомаға (оның ішінде күндізгі стационарларда – 35 584, тәуліктік стационарларда – 131 924) оңалту қызметтері көрсетілді. Амбулатория-емхана деңгейінде 204 млн теңге сомасына 252 001 қызмет көрсетілді.

Коронавирус пандемиясы оңалтудың қаншалықты маңызды екендігін және бұл бастама қаншалықты уақытылы жүзеге асырылғанын көрсетті. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры халық үшін оңалтудың қолжетімділігін арттыру бойынша белсенді жұмыс жалғасты.

Атап өтейік, жыл өткен сайын тұрғын халыққа медициналық қызмет көрсететін жекеменшік қызмет жеткізушілер үлесі артуда (диагностикалық-зерттеу, оңалту, стоматологиялық қызметтерді жекеменшік клиникаларда да алуға болады). Бұл пациенттің озық клиниканы таңдауына мүмкіндік береді.

- Мысалы, жеке клиникада тексеруден өткім келеді, бірақ менің емханам ол жерге жолдама беруден бас тартты. Не істеуім керек?

- Мұндай жағдай болмауы керек. Учаскелік дәрігер сізді өз таңдауыңыз бойынша қормен келісімшарт жасаған кез келген медициналық ұйымға жіберуі тиіс. Жеткізушілердің тізімін қордың сайтынан табуға болады. Тек ескеретін жайт, жолдама медициналық көрсеткіш болған жағдайда ғана беріледі.

- Көбіне МӘМС бойынша тегін қызмет алу үшін тіркеуге тұрып, бірнеше маманның қабылдауында болу шарт. Оған уақыты мен денсаулық жағдайы жете бермейтін науқастар жеке емханаларға баруға мәжбүр. Осы тұста тегін медициналық қызметтерді қысқа мерзімде алу мәселесі қалай шешілуде?

- Бейінді мамандардың қабылдауы және диагностикалық қызметтерді алу мерзімі 10 күннен аспауы керек. Егер сол сәтте пациент жағдайы шұғыл көмекті қажет етсе, бірден бейінді мамандарға, тексеруге жіберіледі.

Егер қажетті медициналық қызметті көп күтетін болған жағдайда, пациентке МӘМС бойынша басқа медициналық ұйымға жолдама беру керек.

- Қазір эндокриндік аурулар жиі кездеседі. МӘМС арқылы қандай гормондарға тегін тексерілуге болады?

- Азаматтар эндокриндік ауруларда тағайындалатын барлық гормондарды МӘМС шеңберінде тегін тапсыра алады. Одан бөлек, бұған дейін ақылы түрде тапсырып жүрген Д витамині көрсеткішін анықтау осы МӘМС пакетіне кіреді.

- Елімізде онкологиялық аурулардың алдын алу үшін, оларды ерте анықтау үшін скрининг тексеру жоспарлы түрде жүргізіледі. Қаншалықты нәтижелі, елорда тұрғындарының белсенділігі қандай?

- Онкология аурулары бойынша ТМККК ясында медициналық қызмет көрсетіледі. Статистикаға сәйкес, ерте кезеңде анықталған қатерлі ісік ауруы көп жағдайда емделуі немесе тоқтауы мүмкін. Бұл патологиялардың осы тобынан болатын өлім-жітімді едәуір азайтуға, сондай-ақ пациенттердің жоғары өмір сүру сапасын сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан, әр азамат тіркелген жері бойынша емханадан скринг өтіп тұрғаны дұрыс.

Өкінішке қарай, скрининг тексеруден өтуде еліміз азаматтарының белсенділігі жоғары деп айта алмаймыз.

Обырдың ерте диагностикасы ауруды бірінші сатыда анықтауға және тиімді емдеуді таңдауға мүмкіндік береді. Бұл мақсатта профилактикалық сканерден бастап, нақты онкомаркерлерге талдау жасау арқылы түрлі зерттеу түрлері көмектеседі.

Профилактикалық тексерулерден өту әсіресе қауіп тобындағы пациенттер үшін, мысалы:

• Зиянды өндірісте жұмыс істейтіндер

• Темекі шегуді, алкогольді және өзге де улы заттарды теріс пайдаланатындар

• Тұқым қуалайтын бейімділігі бар адамдар

• Экологиялық қолайсыз аумақтарда тұратындар үшін өте маңызды.

Егер обыр (рак) ауруының даму қаупі немесе оған күдік болса, кешенді тексеруден өту қажет. Елімізде оған жағдай жасалған. Соңғы жылдары Нұр-Сұлтан қаласында ұлттық ғылыми онкология орталығы іске қосылып, қазіргі заманғы жабдығы бар консультациялық диагностика бөлімшелері, түрлі бейінді мамандар саны артты.

Тағы бір нақтылай кетейік, онкодиспансерде есепте тұрған пациенттерді динамикалық бақылау ТМККК аясында жүргізіледі. Яғни, онкологиялық сырқаттар бойынша жоспарлы тексеруден өту үшін МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі талап етілмейді.

-МӘМС бойынша тегін қызмет түрлерінің тізімін қайдан алуға болады?

Денсаулық сақтау министрлігінің № 170 бұйрығымен бекітілген медициналық қызмет түрлерінің тізімі бар. Оны Денсаулық сақтау министрлігі мен қордың сайтынан қарауға болады.

- Сақтандыру арқылы мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, барлық емханалар мен ауруханаларға барып ем алуға бола ма?

Азаматтар ТМККК аясындағы және МӘМС жүйесіндегі барлық медициналық қызметтерді мемлекеттік және жеке клиникаларда да тегін алады. Бейінді мамандардың қабылдауы және диагностикалық қызметтерді күту мерзімі 10 күннен аспауы керек. Егер сол сәтте пациент жағдайы шұғыл көмекті қажет етсе, бірден бейінді мамандарға, тексерулерге жіберіледі.

Егер қажетті медициналық қызметті көп күтетін жағдай орын алса, пациентке МӘМС бойынша басқа медициналық ұйымға жолдама беру керек. Яғни, учаскелік дәрігер сізді өз таңдауыңыз бойынша қормен келісімшарт жасаған кез келген медициналық ұйымға жібере алады. Басты шарт – медициналық ұйым ӘМСҚ деректер базасында болуы және әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша қызметтер көрсетуі тиіс.Тек ескеретін жайт, жолдама медициналық көрсеткіш болған жағдайда ғана беріледі.

- Елордада МӘМС жүйесінде мәртебесі әлі де сақтандырылмағандар бар ма?

- Қазіргі уақытта, 1 шілдедегі жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының 82,5% - 991 653 елордалық сақтандырылған, ал 17,5%-ы – 211 мыңнан аса қала тұрғыны сақтандырылмай, МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр.

Осы жерде айта кету керек, сақтандырылмаған азаматтар арасында ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес сақтандыру төлемдерінен босатылған шағын және орта бизнес қызметкерлері де болуы мүмкін.

Елордада барлығы 33 585 ШОБ субъектісі бар. 2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, олардың ішінде 2 853-і - ақпараттық жүйеде жұмыскерлер тізімін әлі жаңартпаған. Осылайша мұндай кәсіпорын жұмыскерлері МӘМС жүйесінен тыс қалуы мүмкін. Сондықтан шағын және орта бизнес өкілдері азаматтардың жеңілдікке ие санатына жататын өз жұмыскерлері туралы деректі (ЖСН) msb.fms.kz сайтына енгізу қажет. ШОБ жұмыскерлері қарыз болып, артынша оны жою қажеттігі туындамас үшін, олар туралы деректі Saqtandyry ақпараттық жүйесіне енгізу мерзімі 2021 жылдың 1 қазанына дейін ұзартылды.

- Демек, медициналық сақтандыру қорына ақша аудармаған адамдар арамызда әлі бар. Ал ешқандай санатқа жатпайтын, әлеуметтік топтарға кірмейтін мұндай адамдар қайда барып емделеді?

- Бұған дейін айтып өткендей, МӘМС жүйесіне мүмкіндігіне қарай төлем жасаған әр азамат МӘМС бойынша көмек алу үшін жүгінген кезде қажетіне қарай ем алады, тіпті қажет болған жағдайда құны қымбат жоғары технологиялық медициналық қызметтер де МӘМС жүйесінде тегін жасалады.

Қазіргі уақытта медициналық қызмет екі пакет бойынша көрсетіледі: тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде.

Азаматтар сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан, ТМККК аясындағы медициналық қызметтерді тегін алады. Одан әрі басқа да кеңестер, диагностика тексері, жоғары технологиялық медициналық қызметтер, т.б. қажет болғанда ғана МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі сұралады.

Медициналық сақтандыру жүйесінде жоқ пациенттер құны қымбат тұратын КТ, МРТ, УДЗ секілді зерттеулер немесе күрделі ота жасау, т.б. қажет болған жағдайда қомақты қаражат төлеуіне тура келеді. Сондықтан, мүмкіндігіне қарай ай сайын жарна төлеп отырған тиімді. Мысалы, дербес төлеуші ретінде немесе бірыңғай жиынтық төлем арқылы тұрақты түрде жарна аударып отырса, МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтің бәрі қолжетімді болады. Тіпті жұмыссыз қалса, ресми органдарға тіркелгені жөн, бүл кезде 15 санат тобына кіреді.

Қысқаша түсіндіре кетсек:

Жұмыс істейтін азаматтарға Жұмыс беруші еңбекақы төлеу қорынан қызметкер табысының 2% көлемінде аударады. Сонымен қатар, жұмыс беруші аударымына қоса, жалдамалы жұмыскерлердің жалақысынан 2% мөлшерінде жарна ұстап қорға аударады. Бірақ ай сайын жарна ұсталатын табыс көлемі 10 ең төменгі жалақыдан (немесе 425 мың теңгеден) аспауы тиіс. Яғни, ай сайынғы жарна мөлшері 8 500 теңгеден жоғары болмауы керек.

Жеке кәсіпкерлер бұрынғыша 1,4 ең төменгі жалақының 5%, яғни 2 975 теңге төлейді.

Сонымен қатар, бізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деген санат бар. Олар бұрынғыша 1 ең төменгі жалақының 5 пайызын, яғни 2 125 теңге төлейді. Себебі, биыл ең төменгі жалақы мөлшері өзгерген жоқ.

Бірыңғай жиынтық төлем төлеуші 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жарна аударады. Биыл АЕК мөлшері өзгерді. Сондықтан бұл санат ірі қалаларда 2 917 теңге төлейді, ауылдық жерлерде 0,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде - 1 458 теңге төлейді. Қаржының 40% - Медициналық сақтандыру қорына, 30% – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, 20% – Әлеуметтік сақтандыру қорына аударылады, 10% – табыс салығы ретінде ұсталады.

Егер азаматтардың мәртебесі 2021 жылы «сақтандырылмаған» боп шықса, алдыңғы 12 айдың төлемдерін тексеруі қажет.

- Қазіргі уақытта МӘМС-ке жарна аудару қарқыны қалай? Жиналған жарна қайда сақталып, қайда жұмсалады?

- Елордалықтар 2021 жыл басталғалы бері, яғни қаңтар-маусым айларында медициналық сақтандыру үшін 19,7 млрд теңге жарна аударған, ал маусым айында МӘМС үшін 3,5 млрд теңгеден аса жарна түсті.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін түскен барлық жарна аударымдары, яғни жинақталған қаржы, сенімгерлік басқару туралы жасалған келісімшартқа сәйкес, Ұлттық банкте сақталады да, көрсетілген медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады.

- Медицина ұйымдарының қызметіне мониторинг, бақылау жүргізіле ме? Мысалы, емделушінің құқығын бұзса оларға қандай да бір шара қолданылады ма?

- Қор стратегиялық тұрғыда медициналық қызметтерді сатып алушы болғандықтан, медицина ұйымдарының келісімшарттағы міндеттемелерін орындауын және сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз ету үшін мониторинг жүргізіп отырады.

2021 жылдан бастап қор мониторинг жүргізу шараларына маңызды жаңалық енгізуде – медициналық қызмет көрсету тәртібінің бұзылу жағдайлары мен себептерін анықтауға және ескертуге бағытталған проактивті мониторинг енгізілуде.

Мұндай мониторингінің ерекшелігі - бұрмалаушылық анықталған сәтте айыппұл шараларының болмауында. Медициналық қызмет жеткізуші келісімшарттағы міндеттемелерін орындамаған кезде жасалған қорытындыға қол қойылғаннан күннен бастап 45 күнтізбелік күн ішінде және анықталған кемшіліктерді түзетуі тиіс. Тек кемшіліктер көрсетілген мерзімде түзетілмеген жағдайда ғана медицина ұйымына айыппұл салынады.

Медицина ұйымдарының басшылары кемшіліктерді түзетуге берілген мүмкіндікті пайдаланып, пациенттерді қолдау қызметінің жұмысы мен сапаны ішкі сараптау шараларын күшейтуі керек. Сондай-ақ, орта медицина қызметкерлерінің құжаттарды толтыру, дәрігердің тағайындауларының дұрыс, сапалы орындауын қадағалап, жүйелі түрде сараптама жүргізіп отыру қажет. Сонда ғана тұрғындарға көрсетілген қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік болады.

- Нұрлыбек Рысқалиұлы, осы айтқан пациенттерді қолдау қызметі туралы түсіндіре кетсеңіз...

- Иә, бұл азаматтардың назарын аударып, ескере жүретін жайт. Қаладағы кез келген медицина ұйымдарында, емханаларда арнайы Пациенттерді қолдау қызметі жұмыс істейді. Медициналық қызметтер бойынша сұрақтар, мәселелер туындаған жағдайда, алдымен азаматтар өзі тіркелген емханадағы Пациенттерді қолдау қызметінің жетекшісіне жолықса, мәселені уақыт созбай, сол жерде шешуге болады. Немесе пациенттер құқығын қорғайтын Медициналық сақтандыру қорына хабарласуға болады. Қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда, медициналық қызмет сапалы көрсетілмеген жағдайда, немесе медициналық ұйым қызмет көрсетуден негізсіз бас тартқан жағдайда: Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, @saqtandyrybot Telegram боты, 1406 байланыс орталығы, қ ордың сайты арқылы хабарласуға болады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өтінішіңізді қарап, тиісті шара қабылдайды.

- Сұхбаттасып, сауалдарымызға жауап бергеніңізге рахмет!


Жоғары қарай