Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Облыс әкімдігі: Арыстағы өрт толықтай сөндірілді, тұрғындар үйлеріне қайта алады

2021 жылдың 7 тамыз 2021 01:31

АРЫС. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімдігі Арыстағы өрттің толықтай сөндірілгенін, енді эвакуацияланған тұрғындардың алаңсыз үйлеріне қайта алатынын хабарлады.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің Instagram парақшасынан мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ондағы мәліметтерге қарағанда, 6 тамыз күні сағат 16:25 минутта Арыс қаласының «Арыс» теміржол вокзалында жүк пойызының контейнерінен өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.

2 контейнерде 54 ыдысқа тиелген «сары фосфор» болған. Аталған пойыз Жамбыл облысынан Ресейге бет алған.
Өрт шыққан вагондар «Қазақстан темір жолы» АҚ күшімен пойыздан ажыратылып, қауіпсіз жерге қойылды.
Сағат 17.50-де оқиға орнында жедел штаб құрылды.
Жергілікті әкімдік тарапынан «Наурыз» мөлтекауданынан 1700 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 1050 адам туыстарының үйіне жайғасса, 650 адам уақытша ашылған 4 эвакуациялық пунктке орналастырылды.

Оқиғаға байланысты Түркістан облысы ТЖД жедел желіні іске қосты. Оқиға орнында құрылған жедел штабта облыс әкімінің орынбасары С. Қалқаманов, облыстық ТЖД бастығы Н. Жүнісов, облыстық Полиция департаментінің бастығы А.Сейдуалиев, Арыс қаласының әкімі Г.Құрманбекова, Арыс қаласы бойынша ТЖ комиссиясы мен авариялық қызмет
өкілдері жұмыс істеуде. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет тарапынан өрт сөндірілгеннен кейін ауа сынамасы алынды.
«Полиция Департаменті өрт болған пойыз аумағы мен елді мекен маңын қоршап, 6 блок-бекет қойды.
Өрт сөндіруге 291 адам, 42 техника және өрт сөндіру пойызы жұмыс істеуде.
Өрт 21.55-те толықтай сөндірілді. Қазіргі таңда Арыс қаласының 60 қызметкері «Наурыз» мөлтекауданының тұрғындарының үйлерін күзетуде. Тұрғындардың үйлеріне қайтуға болады. Олардың өмірі мен денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ»,-делінген Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарламасында.

Айта кетейік, бүгін Арыс станциясында шамамен кешкі сағат 18:30-дар шамасында Жамбыл облысынан Ресейге жөнелтілген фосфор салынған екі контейнер өртенді.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тіркемеде барлығы 64 вагон болған.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Наурыз ауданының тұрғындарына қауіпсіз жерге көшуге кеңес берді.

Кейінірек Арыс қаласының Наурыз ауданынан 1700 адам қауіпсіз жерге көшірілді.



Жоғары қарай