Ауа райы
Астана -15 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Олардан үлгі алмаңыздар – Сәдуақас Байғабылов әуежайдан қашып кеткен екі жолаушы туралы

2020 жылдың 27 қазан 2020 17:33

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов халықаралық әуе рейстерімен шетелден ұшып келетін отандастарымызды тексеру жұмыстарына түсіністік танытуды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек таяуда Нұр-Сұлтан қаласының әуежайынан екі жолаушының қашып кеткені туралы БАҚ-та ақпарат тараған еді.

«Қауіпсіздік шараларына қарамастан түсіністік таныта бермейтін азаматтар бар. Атап айтқанда таяу күндері екі жолаушы әуежайдан қашып кетті. Олардың жеке мәліметтері бізге белгілі болғандықтан олардың қайда екенін анықтау қиын болмады. Осыдан кейін оларды тауып алып, екі күндік карантинге жатқыздық», - деді Сәдуақас Байғабылов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Ұсталған азаматтар карантиндік стационарда ПТР тест тапсырған.

«Бізге келетін жолаушыларға айтар кеңесім: бұл жолаушылардан үлгі алмаңыздар, себебі әрбір жолаушы туралы жеке мәліметтердің бәрі бізде болады. Ақпараттық жүйелерге енгізілетін ақпараттық дерекқор бар. Кез келген жолаушыны табу оп-оңай», - деді Сәдуақас Байғабылов.

Еске сала кетсек бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі ведомствоаралық комиссияның әуе компанияларына ПТР тесті нәтижесі туралы анықтамасы жоқ жолаушыларды ұшаққа отырғызуға тыйым салу туралы шешімін түсіндірген болатын. Бұл талап тек шетелдік азаматтарға қатысты. Шетелде жүрген ҚР азаматтарының әуе рейстерімен ПТР тестілеуден өткені туралы анықтамасынсыз отанына оралуға құқығы бар. Мұндай жағдайда Қазақстанға келгеннен кейін қазақстандықтар ПТР тестілеу нәтижесін алғанға дейін карантинге орналастырылатын болады. ҚР өңірлері арасындағы ішкі әуе рейстерінің ұшағына отырғызу кезінде ПТР тест нәтижесі туралы анықтама талап етілмейді.




Жоғары қарай