Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Олимпиада – 2022: Алматының алдын орап кеткен Бейжің, Қысқы ойындар ерекшелігі

2022 жылдың 30 қаңтар 2022 09:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бейжің Олимпиадасының басталуына тура 6 күн қалды. Әлем назарын өзіне аударатын XXIV қысқы Олимпиада ойындары туралы не білеміз?

Бейжің Олимпиада өткізу құқығын қалай алды?

Естеріңізде болса, 2013 жылдың тамыз айының ортасында Алматы Халықаралық Олимпиада комитетіне ойындарды өткізу туралы ресми өтінім берген болатын. Онда Алматы мен Бейжіңнен бөлек, Босния, Чили, Канада, Франция, Испания және Швеция мемлекеттері де болды. Сонымен, Олимпиаданы өткізу құқығы үшін шешуші сәтте еліміздің Алматы қаласы мен Қытайдың Бейжің қаласы өзара бақ таластырды.

Нәтижесінде Қытай астанасы 4 дауыс (44:40) басымдықпен жеңіске жетіп, кезекті қысқы Олимпиада ойындарын өткізу құқығына ие болды.

Алматы қаласы қысқы Олимпиада ойындарын өткізу құқығы үшін үшінші рет бақ сынап, үш рет те жолы болмады. Ең алғаш 80-жылдары 1994 жылғы Олимпиаданы өткізуге өз кандидатурасын ұсынған еді. Ол жолғы қысқы Олимпиаданы өткізу мәртебесі Норвегияның Лиллехаммер қаласына бұйырды. Бұдан кейін, 2014 жылғы Қысқы спорттық ойындарды өткізу үшін ХОК-қа ресми өтініш тағы да жіберілді. Өкінішке қарай 2014 жылғы ойындарды өткізу құрметі Сочи қаласына бұйырды. Осылайша, Алматы қаласы қысқы Олимпиаданы өткізу құқын әлі ала алмай келеді.


Бейжің Олимпиадасының басты ерекшелігі

Алауы тұтануға аз күн қалған Бейжің Олимпиадасының басты ерекшілігі – Бейжің қабылдаушы астана ретінде таңдалғанымен, жарыстар үш бірдей қалада бір уақытта өтеді. Атап айтқанда, Бейжіңнен басқа спортшылар Янцин мен Чжанцзякоу елді мекендерінде орналастырылады.

Бейжің 2008 жылғы Олимпиаданың спорт нысандарын іске қосады және барлық мұз жарыстарын (керлинг, хоккей, конькимен жүгіру спорты), сондай-ақ қарда төрт жарысты (ерлер мен әйелдер арасындағы сноубординг пен шаңғы фристайлындағы биг-эйр) қабылдайды.

Яньцинь – астананың қала маңындағы ауданы, Бейжіңнен солтүстік-батысқа қарай 80 км жерде, Ұлы Қытай қабырғасының әйгілі бөліктері – Бадалин мен Джунгугуан орналасқан жерде. Онда шаңғы, бобслей, скелетон және шана спортынан медальдар ойнатылады.

Чжанцзякоу солтүстік-батысқа қарай көршілес Хэбэй провинциясында орналасқан. Ондағы танымал қысқы курорт Чунли сноубординг, шаңғы спортының барлық түрі және биатлоннан қалған жарыстарды қабылдайды.


Жүлделер саны артты

Бейжің Олимпиадасында жалпы саны 109 медаль сарапқа салынады. Естеріңізде болса, 2018 жылы Пхенчханда өткен қысқы ойындарда спортшылар 102 медаль жиынтығын сарапқа салған. Бейжіңде биатлон, бобслей (бобслей, скелетон), керлинг, конькимен сырғанау (конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек), шаңғы спорты (тау шаңғысы, скандинавиялық аралас, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл, сноуборд), шаңғымен сырғанау және хоккейден жүлделер ойнатылады.


Олимпиаданың ресми медальдары

«Tонг Ксинь», қазақ тілінде «біз бірге — біртұтаспыз» деп аталатын бұл жүлделер «Бірге ортақ болашақ үшін» атты салтанатты іс-шарада таныстырылды. Үш түрлі медаль да 2008 жылы Бейжіңде өткен жазғы Олимпиада жүлделеріне ұқсата жасалған. Бұл Бейжің – жазғы және қысқы Олимпиаданы қатар өткізген бірінші қала екенін аңғартады.


Бейжің Олимпиадасының эмблемасы

Суретші Линь Цуньчжэнь жасаған 2022 жылғы Олимпиаданың эмблемасы Қытайдың дәстүрлі және заманауи мәдениетінің элементтерін біріктіреді, сонымен қатар қысқы спорт түрлеріне деген сүйіспеншілігін көрсетеді.

Логотип қытайлық «қыс» (冬) иероглифына негізделген. Жоғарғы бөлігінде эмблема конькимен жүгірушінің бейнесіне, төменгі бөлігінде шаңғышының силуэтіне ұқсайды. Ұшатын таспаның мотиві Қытайдың тау жоталарын, спорттық нысандарды, шаңғы тебуді және мұз айдындарын білдіреді. Эмблема Олимпиада ойындары Қытайдың жаңа жылымен сәйкес келетінін көрсетеді.

Көк түс – арманды, болашақты, сондай-ақ мұз бен қардың тазалығын бейнелейді. Қызыл және сары – Қытай туының түстері, олар ұмтылысты, жастықты және өмірлік энергияны паш етеді.


Бейжің олимпиадасының ұраны қандай?

Together for a Shared Future (Ортақ болашақ үшін бірге) – 2022 жылғы Бейжіңдегі қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ресми ұраны.

Ұран жаһандық проблемаларды жеңуде бүкіл адамзат үшін ортақ болашағы бар ойындар мен қоғамдастықтың күшін бейнелейді. Бұл сөздер бүкіл әлемде жарқын болашақ үшін, әсіресе коронавирус пандемиясынан туындаған қиындықтарды ескере отырып, бірлесіп жұмыс істеу қажеттілігін көрсетеді.

Together for a Shared Future олимпиадалық қозғалыстың негізгі құндылықтары мен пайымын, сондай-ақ әлемдік бірлікке, бейбітшілік пен прогреске деген ұмтылысты көрсете отырып, бірлік пен ортақ күш-жігерді көрсетеді. Ұраны Паралимпиадалық ойындардың негізгі құндылықтарына, атап айтқанда, олардың неғұрлым инклюзивті қоғам құрудағы рөліне сәйкес келеді.

Ұранды таңдау процесі 2020 жылдың мамыр-қыркүйек айларына созылды. Осы уақыт ішінде Бейжің-2022 ұйымдастыру комитеті Қытай университеттерінің 79 ұсынысын жинады. Әр түрлі саладағы сарапшылар қысқа тізімге енген 11 нұсқаны таңдады.


Бейжің Олимпиадасында жанкүйерлерге рұқсат жоқ

Олимпиадаға шетелдік жанкүйерлер келе алмайды. Бейжің қысқы Олимпиадасының билеттерін Қытайдағы жанкүйерлер ғана ала алады.

Қысқы Олимпиада ойындарын залдан көргісі келетін көрермендер коронавирусқа қарсы хаттама талаптарын орындауға тиіс. Билет сатылымының ережелері әзірленіп жатыр.

Коронавирусқа қарсы вакцинацияның толық курсын алған барлық спортшы мен қатысушы Қытайға келгеннен кейін жабық цикл жүйесінде болады.

Спортшылар мен оларды ертіп жүретін делегациядан басқа барлық қатысушы ұйымдастырушылар белгілеген қонақүйге орналастырылады. Ойынға қатысушылар мен қызметкерлер күн сайын ПТР-тест тапсырады.

Айта кетейік, XXIV қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасынан барлығы 34 спортшы қатысады, олар 87 жолдама жеңіп алды. Бүгінде олар олимпиадалық қалашықтарға орналасты.

Қазақстандықтар шаңғы жарысы, фристайл акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы сияқты 8 спорт түрінен сынға түседі.

Ойындарды «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар» және «El arna» телеарналарынан тікелей эфирден көруге болады. Төртжылдық доданың ашылу салтанаты Нұр-Сұлтан уақытымен 4 ақпан күні, сағат 17:55-те басталады.


Жоғары қарай