Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Омбудсмен институты – адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға тікелей мүмкіндік береді

2021 жылдың 17 қараша 2021 12:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар топтамасындағы маңызды басымдықтың бірі – адам құқықтарын қорғауды күшейту. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында осындай міндет қойған болатын. Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттары сол міндетті орындау үшін және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын нығайту мақсатымен заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу жөнінде бастама көтерді. Осы бағыттағы жұмыстар жөнінде «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» жаңа заң жобасы туралы оны құру жөніндегі депутаттар тобының жетекшісі, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров бізге айтып берді.

- Асқар Оразалыұлы, заң жобасын әзірлеуге дайындық қалай болды және қазір құжат қандай сатыда?

- «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Заңның қабылдануы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан саяси реформалардың маңызды әрі ажырамас бөлігі болып табылады.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында осы заңды қабылдау қажеттігін жария еткеннен кейін Парламент Сенатының депутаттары оны әзірлеу жөнінде бастама көтерді. Бұл жұмысқа Парламенттің төменгі палатасының депутаттары да шақырылды.

Осы процесс барысында халықаралық озық тәжірибе мен бұл саладағы қолданыстағы нормативтік-құқықтық база, ең алдымен, Париж және Венециялық қағидаттар мұқият зерделенді және пайдаланылды.

Заң жобасы мемлекеттік органдар, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жария және барынша ашық негізде талқыланды. Парламент қабырғасында да, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Сарапшылар кеңесі аясында да бірқатар дөңгелек үстелдер өткізілді.

Заң жобасы жан-жақты және объективті талқылау нәтижесінде оның бастамашылары ұсынған нұсқада іс жүзінде елеулі өзгерістерге ұшырамай, Мәжілісте екі оқылымда сәтті қабылданды.

- Сіздер әзірлеген заң жобасының негізгі жаңалықтары қандай? Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қандай жаңа мүмкіндіктерге ие болады?

- Омбудсмен институтын заңнамалық тұрғыдан нығайту және теңдесі жоқ өкілеттіктер беру оған баршаға танылған халықаралық стандарттарға сәйкес жоғарыда аталған реформаларды жүзеге асыруға ықпал ете отырып, жай ғана бақылап қоймай, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға тікелей мүмкіндік береді.

Заң жобасы оған тиіспеу мәртебесін беріп отыр. Ол мемлекеттік аппараттың шешімдерімен, әрекеттерімен немесе әрекетсіздігімен көптеген адамның бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін талап арызбен сотқа жүгінуге хақылы, сондай-ақ шағымды қарау үшін Омбудсменнің сұратуы бойынша қажетті мәліметтерді мемлекеттік органдардың немесе ұйымдардың беру міндеті белгіленді.

Уәкілдің сот тәжірибесі мәселелері бойынша Жоғарғы сотқа түсініктеме беру ұсынысымен жүгіну мүмкіндігі заң жобасындағы жаңалық болып табылады.

Одан басқа, еліміз өңірлерінде Омбудсмен өкілдерін құру көзделіп отыр. Бұл оның халық үшін барынша қолжетімді болу мәселесін шешеді.

- Заң жобасын әзірлеу барысы қалай жүргені туралы айтып берсеңіз, талқылау барысында түрлі тәсілдер мен қағидаттар ұсынылған шығар?

- Заң жобасын талқылау кезінде оның мазмұны бойынша түбегейлі келіспеушіліктер туындаған жоқ.

Сонымен бірге, бұрын бұл мәселеге әртүрлі көзқарастар болғанын әділеттілік үшін атап өткен жөн. Жасыратыны жоқ, омбудсменнің қызметін реттеудің жалпы қағидаларын ғана белгілейтін, негіздемелік заң деп аталатын нұсқаның жақтаушылары да болды.

Дегенмен, бұл тәсіл елде болып жатқан өзгерістердің мән-мағынасын ескермеу болып саналады.

Заң жобасы ғылыми-құқықтық, лингвистикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өтті.

Ол сондай-ақ Еуропа Кеңесінің Венециялық комиссиясына жіберілді, оның сараптамалық қорытындысы өте маңызды.

- Осы заңның қабылдануы қазақстандықтардың құқықтарын қорғауды күшейтуден басқа омбудсменге қандай мүмкіндіктер береді?

- Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заңның қабылдануы оған халықаралық құқық қорғау процесіне неғұрлым толық қатысуға мүмкіндік береді және халықаралық тұрғыдан да оң әсер етеді.

Заңнамалық тұрғыдан бекітілген мәртебе Омбудсменге Халықаралық құқық қорғау мекемелерінің жаһандық альянсындағы (GANHRI) «В» мәртебесінен «А» мәртебесіне өтуге, онда дауыс беру құқығымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта халықаралық саясат пен мемлекетаралық қатынастарда адам өлшемі мен адам құқықтары мәселелері аса маңызды, ал кейде шешуші рөл атқаратыны белгілі.


- Сұхбатыңызға рахмет!


Жоғары қарай