Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы -12 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Өмірзақ Шөкеев аудан әкімдері мен полицейлерге мал ұрлығына тосқауыл қоюды тапсырды

2020 жылдың 4 желтоқсан 2020 03:24

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарының ашылуы бойынша елімізде алдыңғы орындарға тұрақтаған. Бұл туралы облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзу профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішісі.

Полицейлердің мәліметінше, ауыр дәрежелі мал ұрлығы қылмыстарының ашылуы соңғы уақытта 76,9%-ға жақсарған.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен отырыста жол көлік оқиғаларының профилактикасы, оның ішінде адам өліміне алып келген оқиғалардың алдын алу мен меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтардың профилактикасы мәселелері сөз болды.

«Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасының іске асырылу барысы мен кәмелет жасына толмағандармен және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың, көші-қон саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу секілді өзекті мәселелері қаралды.

Облыстық полиция департаменті басшылығының айтуынша, Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, ұрлықтың бірнеше рет жасалуы оны ауыр дәрежелі қылмыс санатына жатқызады.

Бұл өз кезегінде ұрлық жасаған тұлғалардың тараптардың татуласуымен қылмыстық жауапкершіліктен босатылу мүмкіндігіне кедергі келтіріп отыр.

Сонымен қатар, Қылмыстық кодекске «Мал ұрлығы» бабы бөлек енгізілген. Нәтижесінде жалпы бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары еке есе азайған.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мал ұрлығына тосқауыл қоюда аудан, ауыл әкімдері мен полицияның бірігуін тапсырды.

«Аудан деген алақандай жерде қалай мал ұрланғанын ешкім білмейді? Бәрі бір-бірін біледі. Кім бейім екенін біледі. Кімнің малы ұрланатынын біледі. Ондайға шара қолдану керек, тоқтату керек. Барлық аудан, ауыл әкімдері мен полиция бірігіп, тез арада қолға алыңыздар. Жалпы мал ұрлығын болдырмау керек», - деді облыс әкімі.

Ведомствоаралық комиссия мәжілісінде мал ұрлығының жасалу тізбегі бойынша жұмысты күшейтіп, мал базарларындағы талапты қатайту жүктелді.

Сараптамаға сәйкес, мал ұрлығының 61,7% жайылымда болған. Осыған орай өңірде «мал иесі - жергілікті атқарушы орган - бақташы» үшжақты келісімшарты жасалуда.

Сонымен қатар, отырыста облыс аумағында жалпы қараусыз және табылған малдарды ұстауға арналған орындардың жеткіліксіздігі мәселесі көтерілді.


Жоғары қарай