Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Омыртқам сынса да, өзім сынбадым - Еркін Шалтан

2021 жылдың 11 желтоқсан 2021 13:00

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласында Еркін Шалтан есімді жігіт тұрады. Ол екi аяғының қозғалыссыз қалғанына, қоларбаға таңылғанына қарамай қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. «Жайылма» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, «Шапағат» оңалту орталығының басшысы ретінде көпшілікке үлгі болар игі істерді атқарып жүр. Төрт құбыласы тең, аяқ-қолы сау адамдар атқара алмайтын жұмыстарды Еркіннің еркін игеріп кеткеніне тәнті болдық.

Еркiнді алғаш көргенiмiзде аянышпен қарадық. Тағдырдың басқа салғанына көндiгiп, қоларбада отырған жiгiт ағасының жарасымды киiмiне қарап, ешкiмге қол жайып жүрмегенiне бiр жағы қуандық.

Түркiстан қаласында өткен тойлардың бiрiндегi бұл кездесуiмiзде Еркiнмен емен-жарқын әңгiмелесудiң сәтi түспедi. Арада өткен бірнеше жылдан соң Еркiндi арнайы іздеп бардым.

Еркiн Түркiстан қаласына қарасты Майдантал ауылының тумасы. 1978 жылы дүниеге келген ол ауылдағы мектепте бiлiм алды.




Әскерге барып, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келді. Шаруа отбасынан шыққан жiгiт туған жерiне оралған соң әке-шешесiне көмектеседi.

Шөп жинайды, қой өсiрiп, егiншiлiкпен айналысады.

Бәрi де тамаша болатын. Тек 2000 жылғы оқиға оны екi аяқтан айырды. Көлiкке шөп артып жатқанда арқан үзiлiп кетiп, үш метр биiктiктен құлады.

Дәрiгерлер бұл оқыс оқиғадан оның жұлыны езiлгенiн айтты. Содан бастап жарымжан атанып, жүре алмай қалды.

«Басқа салған баспақшыл» дейдi ғой. Сол кезде 22 жаста едiм. Құлаған сәтімде жолда сынықшы кездесіп, белімнен шығып тұрған сүйектерді аяғымен теуіп ішіне кіргізіп жіберген. Содан қанша дәрігерлерге көрінгенмен, нәтиже болмады. Екi-үш жылдай қатты күйзелісте жүрдiм. Қоғамға қосыла алмадым. Көшеге шықсам адамдар мүсiркей қарайтындай намыстанатынмын. Менен басқа мұндай күйдегi адам жоқтай көрiнетiн. «Қоларбаға отырсам қайыршы болып қаламын ба?» деп қорықтым. Үйде жатып небiр жайттарды ой елегiнен өткiздiм. Ағайын-туыстарыма рахмет, келiп көмектесiп тұрды», – дейді ол.

Алғашқыда Еркінді әкесі Керімбай көтеріп жүрген. Қайда барса да қолынан тастамайтын.

Сондай бір күндері әкесі квота арқылы Еркінді санаторийге жібермекші болады.

Құжаттарды реттеу үшін қалалық емханаға келген олар дәрігерлердің алдындағы ұзынсонар кезекке кезігеді.

Отыратын орын жоқ. Жағдайды түсініп, кезексіз өткізуге ешкім құлық танытпайды.

16 дәрігердің әрбірінің алдында бір сағат уақытын жоғалтқан Еркіннің сол жерде жүйкесі сыр беріп, өзін жоғалтып алады.

«Қатты шаршадық. 55 жастағы әкем ауруханадан мені көтеріп алып шығып келе жатып, аяғы сүрініп кетіп құлады. Оны көрген мен өзімді іштей жеп қоя жаздадым. «Не жүремін», «не өлемін» деген алдыма мақсат қойдым. Миымда одан басқа ешқандай жол болған жоқ. Қиын жағдайда болдым. Қолыңмен алып ешнәрсені жей алмайсың, аяқ киміңді кие алмайсың, жүре алмайсың. Содан бері арада он жылға жуық уақыт өтті. Өлген жоқпын. Жүруге әрекет жасап келемін», - дейді Еркін.

Сол жылы Еркін ем қабылдауға Алматы қаласына барды. Ауруханада профессорлармен және өзге де бiлiмдi кiсiлермен бiрге ем қабылдайды.

Ақыл-кеңесiн тыңдап, өмірге өзгеше көзқараспен қарай бастады. Ең бастысы, өмiр сүруге деген құлшынысы артты.

«Көп ойландым. Төсекке таңылып жатқаныма 5-6 жыл болған. Інілеріме масыл болдым. «Неге мен оларды қинаймын, мұным не жатыс?» деген ой келді. Алдымен өзiм күнелте алатынымды ата-анама, туысқандарыма дәлелдеуiм керек болды. Қиын болса да, 2006 жылы жеке пәтерге шықтым. Әке-шешем ренжiсе де, уайымдаса да, бөлек тұруға бекiндiм. Қанша қарсы болғанына қарамай «Сiздерге масыл болмаймын» дедiм. Өз-өзiме сенiп, Шымкент, Алматы қалаларына қоғамдық көлiкпен бiр өзiм барып-келе беретiн болдым. Кейiннен ата-анамның да, туыстарымның да маған деген сенiмi күшейдi. Кезiнде туыстарым, iнiлерiм маған көмектессе, қазiр мен қолымнан келгенше оларға жәрдемдесемiн», – дейдi Еркiн Керiмбайұлы.




Арада біршама күндер өткен соң Еркiн жеке кәсiпкер атанды. Қаладан тiгiн цехы мен фотосалон ашып, онға жуық тұрғынды жұмыспен қамтыды.

Омыртқасы сынса да, өзінің сынбағандығын дәлелдеді. Масыл болғысы келмейтінін көрсетіп, жеке өмір сүре алатынын мойындатты.

«Кейіннен кәсібімнің бағытын өзгертуге тура келді. Ең бастысы, өзім секілді қиындыққа тап болған ерекше жандарға көмектесуге бет бұрдым. Себебі, көмекке мұқтаж жандар бір ғажайыпты күтеді. Мықты профессор кездесіп, кеңес береді немесе хирург келіп, бір ота арқылы жүруге жағдай жасап береді деп армандайды. Таңғажайыпқа сеніп, сол күннің келуін тосады. Бірақ мұның барлығы да - арман. Тек уақыт өтіп жатыр. Әр адам өзі талпынып, әрекет етпесе, нәтиже шығара алмайды. Мен мұны өзім секілді жандарға түсіндіруім керек»,- дейді ол.

Бүгінде Еркін басшылық ететін «Шапағат» бейімдеу орталығында көптеген қызмет түрлері бар.

Заңгер тегін кеңес берсе, психологтың да көмегіне тегін жүгінуге болады.

Сондай-ақ, компьютерде отыратын маман арқылы кез келген электронды қызмет түрін пайдалануға мүмкіндік бар.




Ал, ең бастысы – ерекше жандар оңалту курстарынан өте алады.

«Құлажан Қошқаров есімді ағамыз 1,14 гектар жер телімін сыйлады. Ал, ғимаратты тұрғызуға Сырым Ертаев, Инара Намазбаева және өзге де жергілікті кәсіпкерлер демеушілік етті. Ішіндегі жаттығу құрылғыларының баршасын өзімізге ыңғайлы етіп қолдан жасаттық. Кедергісіз келешек қағидасын ұстандық. Яғни, ғимаратқа қоларбамен кірген жандар ешқандай кедергісіз еркін жүре алады. Ас үйдегі, жатын бөлмедегі жиһаздар мен құрылғылар қол жететін жерде тұр», - дейді Еркін.

Жалпы орталық он алты адамға арналған. Емделушілер қол тірегі құралын пайдалану арқылы жүруді үйренеді. Жаттығу жасап, денесін үйретеді.







Биылғы жылдың өзінде 40-тан астам адам келіп, оңалтудан өткен.

Бүгінде Еркiн кәсiпкермiн деп арқасын кеңге салып жүрген жоқ. Қаладағы «Жайылма» қоғамдық бiрлестiгiнде үйлестiрушi әрi жастар мен мүмкiндiгi шектеулi жандар клубының жетекшiсi қызметiн қоса атқарады.

Қоғамдық iс-шаралармен айналысады. Жастарды отансүйгiштiкке баулып, керағар дiни ағымдарға өтпеуге, ойынханаларға, құмарханаларға бармауға шақырады. Бос уақытын тиiмдi пайдалануға үйретедi.




Сонымен қатар, жас өнерпаздардың басын қосып жетiмдер үйiне, оңалту орталықтарына, мектеп-интернаттарға тегiн концерт бередi.

«Елiн сүйетiн жастар көп. Тек оларға дұрыс бағыт-бағдар керек. Мен жастарды жалқау, патриот емес дегенге сенбеймiн. Тек оларды ұйымдастыра бiлу керек. Бiздiң клубымызға жастар көп келедi. Түрлi концерттерге қатысып өздерiн шыңдап жатады. Менi «аға», «ұстаз» деп сыйлайды. Алғысын айтып, телефонмен әлi де хабарласып тұратындары бар. Соның өзi үлкен бақыт. Абайды, Шәкәрiмдi, Ясауи хикметтерiн көп оқимын. «Егер ез жiгiт құласа мәстегiнен, оны жұбатыңдар. Көкiрегi құм болып шайылып кетпесiн. Егер ер жiгiт құласа тұлпарынан, оны жұбатпаңдар. Себебi, ол өз-өзiн қайрайды» дейтiн Абай атамыздың сөзi бар. Соны әрдайым есiмде сақтаймын. Өзiмнiң ұраным деп санаймын. «Нағыз ер болсаң шыда, ешкiмге масыл болма, сұрама. Жыласаң да ешкiмге көрсетпей жыла» дегендi ұстанатын адаммын», - дейдi ол.

Еркiннiң қолы қалт етiп босай қалса қолөнермен айналысады. Әртүрлi моншақтар мен гүлдер, талдар өредi. Құрма, анар, лимон секілді өсімдіктерді өсіргенді жақсы көреді.

Қазір де жұмыс орнында жеміс ағаштарымен қатар шырша, туя, павлония көшеттері жайқалып өсіп тұр.

«Түнде тыныш ұйықтап, таңертең жаттығуымды істесем, соның өзі маған үлкен күш-қуат береді. Мен үшін үлкен мотивация. Сондықтан әрбір күн, әрбір сәт - мен үшін қымбат», - дейді Еркін.



























Автор Қайрат Зайнишев
Басты сөздер: Қоғам,
Жоғары қарай