Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Өңдеуші  өнеркәсіп өнімінің экспорты  18,6 пайызға төмендеді

2020 жылдың 5 тамыз 2020 17:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылдың І-жартыжылдығында өңдеу өнеркәсібінің өсімі 4,8 пайызды құрады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылдың басынан бастап үшінші индустрияландыру бағдарламасын іске асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аталған бағдарламаның негізгі мақсаты ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті өңдеуші өнеркәсіп болып белгіленді. Басымдық орта және жоғары технологиялық күрделі өнім шығаруға қауқарлы, сондай-ақ экспортқа бағытталған кәсіпорындарға жасалды. Осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің өсімі 4,8 пайызды құрады», - деді вице-министр.

Оның атап өтуінше, өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,1 пайызға ұлғайып, 373 млрд теңгеге жетті.

«Әлемді жайлаған індетке байланысты халықаралық саудадағы шектеулердің саалдарынан өңдеуші өнеркәсіп өнімінің экспорты осы жылдың қаңтар-мамырында 18,6 пайызға азайып, 5,2 млрд АҚШ долларын құрады.

»Сонымен қатар 1-тоқсанның қорытындысы бойынша секторда жұмыспен қамтылғандар саны 601,4 мың адамды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,4 пайызға артты. 2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша өңдеуші өнеркәсіп саласында 16,4 мың кәсіпорын жұмыс істейді. Индустрияландыру бағдарламасы аясында жыл басынан бері жалпы сомасы 87,4 млрд теңгеге мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылды«, - деді ол.


Жоғары қарай