Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасының міндеті қандай

2021 жылдың 15 қазан 2021 16:07

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Экономикалық зерттеулер институты» акционерлік қоғамы Өңірлік зерттеулер орталығы директорының орынбасары Нұрболат Құрметұлы «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасының қарапайым халыққа не беретіні туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасының негізгі мақсаты – мемлекет тарапынан халыққа көрсетілетін базалық қызметтерге баршаның теңдей қол жеткізуін қамтамасыз ететін жүйе құру.

Тұрғын үй-коммуналдық ахуалды жақсарту, тұрғын үй құрылысын дамыту, көлік қатынасының қалтқысыз қызметін қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін арттыру есебінен азаматтардың өмір сүруіне қолайлы орта құру көзделген», - деді сапаршы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба 2 бағыттан тұрады.

«Бұл бағыттарды іске асыру үшін 4 міндет қарастырылған. Яғни әр бағыт шеңберінде 2 міндетті шешу қарастырылған.

«Базалық қызметтерге тең қолжетімділік» бағыты аясында «Инфрақұрылымдық кешенді дамыту» және «Жайлы тұрғын үй» атты міндеттерді іске асыру қарастырылған. Мұндағы «Инфрақұрылымды кешенді дамыту» міндеті бойынша үлкен қалалардың шеткі аумақтарын дамыту, моно және шағын қалаларда инженерлік, көлік инфрақұрылымын дамыту, тірек ауылдар мен спутник елді мекендерді жаңғырту, сумен жабдықтау және су бұрумен қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар атқарылады. Мысалы, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының шеткі аумақтарына жол, инженерлік желілер және әлеуметтік объектілер салу бойынша бірқатар ауқымды жұмыс іске асырылады. «Ауыл – Ел бесігі» жобасының аясында ауылды елді мекендерді дамыту бойынша іс-шаралар жалғасын табады», - деді Өңірлік зерттеулер орталығы директорының орынбасары.

Маманның сөзіне қарағанда, 2025 жылға дейін Ұлттық жоба аясында атқарылатын іс-шаралардың нәтижесінде сапалы ауызсуға деген қолжетімділік 100% жетпек. Ал «Жайлы тұрғын үй» бағыты бойынша баспана салу, апатты және ескі үйлер проблемасын шешу, жер үйлер құрылысына инженерлік желілер тарту және тағы басқа шаралар атқарылмақ.

«Бұл бағыттың аясында халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселелері шешіледі. Нақтырақ айтсақ, 103 млн шаршы метр баспана салынады.

Көлік қатынасының қалтқысыз қызметін қамтамасыз ету бағыты аясында «Ішкі көлік желісін дамыту» және «Көліктік байланысты арттыру» атты 2 міндет қарастырылған. Яғни жаңадан жолдар салынып, қолданыстағылары жаңғыртылады. Жол бойындағы сервисті дамыту сияқты түрлі шаралар іске асатын болады. Өңірлерде республикалық және жергілікті маңыздағы жолдарды салу және жаңғырту жобалары жалғасады. Осы іс-шаралар нәтижесінде жағдайы жақсы республикалық жолдардың үлесін 100%, жергілікті жолдардың үлесін 95% жеткізу жоспарланған», - дейді Нұрболат Құрметұлы.

Ұлттық жоба аясында көлік инфрақұрылымын дамытатын сүйекті жобалар іске асуы жоспарланған. Сарапшы солардың негізгілеріне тоқталды.

«Темір жолдарды салу және электрлендіру, вагондар паркін жаңарту, әуежай инфрақұрылымын жаңғырту, су көлігін дамыту сияқты бірқатар іс-шара көзделіп отыр. Бұл ретте «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінде екінші жол салу және электрлендіру», «Дарбаза-Мақтаарал теміржол желісін салу» жобаларын атап өткім келеді. Осы жобалардың арқасында Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымал көлемі қазіргі 23,5 млн тоннадан 30 млн тоннаға дейін артады. Жалпы Ұлттық жоба шеңберінде 20 көрсеткіш және 94 іс-шара қарастырылып отыр. Оның бәріне 7,6 трлн теңге жұмсау жоспарланған. Яғни республикалық бюджеттен – 4 трлн теңге, жергілікті бюджет – 0,8 трлн теңге, жеке қаражат есебінен – 2,7 трлн теңге тартылмақшы.

Менің ойымша, аталмыш Ұлттық жобаны іске асыру Қазақстан өңірлерінің дамуына әжептәуір серпін береді. Жобаның сәттті іске асып, күткен нәтижелерді беруі өз мамандарымыздың жауапкершілігі, елдегі экономикалық ахуал, сондай-ақ көршілес елдердің инфрақұрылым саясаты сияқты факторларға байланысты», - дейді Экономикалық зерттеулер институтының өкілі.


Жоғары қарай