Ауа райы
Астана 31 °С
Алматы 32 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Орал қаласында 180 отбасы баспаналы болды

2020 жылдың 29 маусым 2020 23:10

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 180 пәтерлік екі тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зачаган кентінде бой көтерген екі тоғыз қабатты үйдің пәтерлері конкурстық негізде 50/50 қағидаты бойынша бөлінді.

Былайша айтқанда, баспаналардың тең жартысы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілсе, қалғаны «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларының үлесіне тиді.


Жаңа пәтер иелерін облыс әкімі Ғали Есқалиев құттықтап, карантиндік шектеу шараларына байланысты аз адамның жиналғандығын айтып, алдағы уақытта тұрғындар қуанышының еселене түсуіне тілектестігін білдірді.


«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытында Батыс Қазақстан облысында да тұрғын үй құрылысы қызу жүргізілуде.

«Болашақ-Т» ЖШС мен «Отделстрой» құрылыс-коммерциялық фирмасы» ЖШС тұрғызған екі үйді электрлендіру жұмыстары аяқталып, инженерлік желілер тартылған.


Қала әкімі Абат Шыныбековтің айтуынша, қазіргі таңда Орал-Саратов жолы бойында орналасқан үйлердің алдын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ балалар ойнайтын алаңқайлар, спорт мектебі, гастроном, тротуар, жанар-жағар май құю стансасы салынады. Бұл жұмыстардың барлығы биыл мәреге жетпекші.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 284 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізгенін жазған болатынбыз.




Жоғары қарай