Ауа райы
Астана 30 °С
Алматы 34 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Оралда есірткімен ұсталған Атырау тұрғыны полицейге пара берген

2020 жылдың 27 маусым 2020 05:12

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда есірткімен ұсталған Атырау тұрғыны полицейге пара бермек болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің айтуынша, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 36 жастағы атыраулық тұрғынды есірткімен қолға түсірген. Ол бұған дейін де істі болғаны анықталды.

Аталған тұрғын ҚР ҚК 296-бабы 2-бөлігіне (есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін инспекторға 10 мың теңге көлемінде пара ұсынған. Сөйтіп, тағы бір қылмыс жамап алған.

Сондай-ақ Орал қаласында полиция қызметкеріне пара берудің тағы бір фактісі анықталды. «Телецентр» саяжай қоғамы «Саябақ» дүкені маңында «ВАЗ-21112» автокөлігінің 29 жастағы жүргізушісі ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 593-бабы 2-бөлігіне (жолаушының қауіпсіздік белбеуін тақпауы) сәйкес жауапқа тартылмас үшін осындай қадамға барған. Ол патрульдік автокөлік салонында 2 мың теңге беріп, құтылмақ болған.

Қазіргі кезде екі оқиға бойынша ҚР ҚК 367-бабы 1-бөлігіне (пара беру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

«Мұндай қадамға барғандар мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырыла отырып, параның он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Адамдар тобы болып, ірі мөлшерде немесе бірнеше рет пара бергендердің жазасы одан сайын ауырлай түседі», - деді Б.Белгібеков.


Жоғары қарай