Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Оралда гемодиализ орталығы жаңа қонысқа көшті

2020 жылдың 24 қыркүйек 2020 13:50

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда гемодиализ орталығы жаңа қонысқа көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиырма жыл бойы облыс тұрғындарына гемодиализ қызметін көрсетіп келе жатқан орталық бұдан бұрын тарлау ғимаратта орналасқан еді.

Жаңа ғимараттың ашылу рәсіміне қала әкімі Абат Шыныбеков, БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюпов қатысты. «BIOS» ЖШС орталығының бас директоры Жеңіс Алкин меймандарға емделушілерге қандай қызмет көрсетілетінін айтып берді.

Орталықтың медицина директоры Нұртас Бірмановтың сөзіне қарағанда, мұнда қазір 45 оралдық тұрғын есепте тұрады. Оларды кесте бойынша арнайы көлік алып келіп, апарып тастайды. Орталықта 2 дәрігер, 4 медбике және 4 санитар қызмет етеді. Бір ауысымда (күніне 3 ауысым 4 сағаттан) 10 емделуші қабылданады. Олар үшін барынша жағдай жасалған. Гепатиті бар науқастар үшін бөлек бөлме мен арнайы құрал-жабдықтар қарастырылған.





Германиялық «BBraun» және жапониялық «Nipro» компанияларының 10 аппараты бесінші сатыдағы созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастарды қабылдауға мүмкіндік береді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюповтың нақтылауынша, облыста осындай 5 медициналық орталық бар. Өңірде бүйрегі ауыратын және оны алмастыруға кезек күтіп жатқан 250-дей науқас бар.

Олардың денсаулығын қалыпты ұстау үшін орталық қызметкерлеріне жұмыстан тыс уақытта да еңбек етуге тура келуде. Айталық, аталмыш орталық қызметкерлерінің жұмыс уақыты 15 сағаттан асып кетеді. Сондықтан мұндай орталықтар саны көбейсе, қызмет сапасы да артары сөзсіз.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да құс тұмауының алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанын жазған болатынбыз.








Жоғары қарай