Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 431.03
EUR 471.76
RUB 5.85
CNY 61.32

Оралда кәріз коллекторындағы апаттан саяжай үйлеріне қауіп төнді

2020 жылдың 27 ақпан 2020 21:56

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда кәріз коллекторында болған апат салдарынан саяжай үйлеріне қауіп төнді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Батыс су арнасы» ЖШС бас директоры Қайырғали Имашевтің айтуынша, 26 ақпан күні сағат 22.30-да М.Шолохов көшесі бойында өздігінен ағатын кәріз коллекторында топырақ опырылды.

Қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасуда.

Бүгін жергілікті сағат 15.30-дан 18.00-ге дейін Қадыр Мырза Әли, «Астана», «Жаңа орда» шағынаудандарында және Сырым Датұлынан Ғ.Құрманғалиев көшесіне дейінгі аралықтағы үйлерге су беру тоқтатылды. Бұл маңда 40 мыңдай адам тұрады. Әлеуметтік-мәдени мақсаттағы нысандарды (ауруханалар, мектептер, балабақшалар және т.б.) сумен қамту тоқтатылған жоқ.

Сағат 19.00-де М.Шолохов көшесі бойында «Нэфтек» және «SinOil» жанар-жағар май құю стансасына қарсы бетте кәріз коллекторында құдық бұзылды. Соған байланысты қаланың Солтүстік-шығыс ауданына су беру тоқтатылды. Сонымен қатар қала бойынша судың қысымы төмендетілді.

БҚО Төтенше жағдайлар департаменті коллектордағы апат салдарынан бүгін сағат 16.11-де «Локомотив» саяжай қауымдастығындағы үйлерді сарқынды сулардың басу қаупі туындағанын жеткізді. Қазір онда 8 адам 2 мотопомпа, қос техникамен жұмыс жасауда.

Саяжай қауымдастығында тұратын тұрғындардың сөзіне қарағанда, осы аумаққа кешеден бастап сарқынды сулар келе бастаған. Жаман су аулаларға да кірген.

«Локомотив» қауымдастығында 540 үй болса, тұрғындар соның тең жартысынан астамында жыл бойы тұрады.


Жоғары қарай