Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Оралда оқушылар апатты жағдайдағы мектепте білім алып жатыр

2019 жылдың 5 желтоқсан 2019 12:07

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда оқушылар апатты жағдайдағы №31 орта мектепте білім алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш мектеп директоры Аманжол Хаировтың айтуынша, 380 орынға есептелген ғимарат 1961 жылы салынғаннан бері күрделі жөндеу көрмеген.




Техникалық сараптамаға сәйкес өткен жылы апатты жағдайда деп танылған мектепте қазіргі таңда 410 оқушы екі ауысымда білім алуда.

«Мектептің акт залы, асханасы жоқ. Түрлі шаралар дәлізде өтеді. Бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасы балаларына ыстық тамақ күніне екі мезгіл әкелініп, беріледі. Спорт залы жартылай жертөледе орын тепкен. Оқу кабинеттері жетіспейді. Қаншама жамап-жасқағанмен, кейбір қабырғалардың қабыршақтанып, жарылып тұрғанын көруге болады», дейді мектеп басшысы.




Биылғы 24 қазан күні химия кабинетінде төбеден сылақ құлап түскен. Абырой болғанда, оқушылар алдыңғы жақта отырғандықтан, ешкімнің үстіне құламаған. Төбе сол бойда қайта сыланғанымен, мұндай жағдайдың қайталанбасына кепілдік беру қиын екендігі белгілі.

Қаланың бұл ауданында болашақта халық көбеймесе, азаймайды. Жуырда тоғыз қабатты екі үй пайдалануға берілмек. Ш.Айталиев атындағы көшеде үш бірдей бес қабатты үйге тұрғындар қоныстанып үлгерді. Сондықтан мектепте оқушылардың саны азаймасы анық.

Мұнда апатты ғимаратты бұзып, орнына 400 орындық мектеп салу көзделген. Бұзу және салу жұмыстары кезінде оқушылар №32, №34 және №23 мектептерде бөлініп, білім алмақшы.

Мектеп директоры алдағы жылы қаржы бөлініп, құрылыс басталса екен дейді.

Облыстық білім басқармасы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру және күрделі шығыстар бөлімінің басшысы Аяжан Жүнісова жобалық-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамадан өтіп жатқандығын жеткізді.

Қалада апатты жағдайдағы мектеп бір бұл ғана емес. №33 мектепте оқитын 401 бала күні бүгін №2 мектепте білім алуда. Ескі ғимараттың орнына 300 орындық жаңа мектепті салудың жобалық-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) жасалып, мемсараптамадан өткен. Алайда ҚР Білім және ғылым министрлігіне жіберілген бюджеттік өтінім қолдау таппаған.

Облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 мектептің 483 оқушысы қазіргі таңда №37 орта мектепте білім алуда. Бұл мектептің жаңа ғимаратын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасауға бюджеттік өтінім жолданған.

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Тимур Шыниязовтың нақтылауынша, №31 мектеп ғимаратының ЖСҚ-сы мемсараптамадан өткеннен кейін алдағы жылы қаржыландыру мәселесі қаралатын болады. Құны 1,3 млрд теңге болатын №33 мектеп ғимаратына 2020 жылы әуелі 230 млн теңге бөлініп, құрылысы басталмақшы. Ал №8 мектептің ЖСҚ-сын жасақтауға әзірге қаржы бөлінбеген.




Өңірде барлығы 2510 оқушы білім алатын сегіз мектеп (аталғандардан басқа Қазталов ауданында Қазталов ауылында А.Оразбаева атындағы орта мектеп, Сарықұдық мектебі, Жұлдыз ауылында А.Құсайынов атындағы мектеп, Ақжайық ауданында Атамекен елді мекенінде М.Өтемісов атындағы мектеп, Чапаев ауылындағы Абай атындағы мектеп-гимназия) апатты жағдайда деп танылған. Бұлардың орнына 2276 орындық сегіз мектеп салу ойластырылған. Осының ішінде Чапаев ауылында 100 орындық интернатымен 300 орындық мектеп құрылысын бастауға биыл республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген болатын. Қазір құрылысы жүріп жатқан мектеп ғимаратын алдағы жылы 1 қыркүйекте беру көзделуде.

Тағы бір түйткілді мәселе – облыста үш ауысымда оқитын мектептердің азаймай отырғаны. Оралда №47, №10, №20, №18, эстетикалық бағыттағы гимназияда және Теректі ауданы Подстепный қазақ мектебінде 9486 оқушы бар. Бұл мәселені шешу үшін 4 мың орындық алты мектеп салу қажет. Соның ішінде әзірге қалада №51 мектеп ғимаратына ел қазынасынан 1 млрд теңге қаралып, құрылысы басталды.

Облыс орталығына қоныс аударушылардың көбеюіне және жаңадан шағынаудандардың бой көтеруіне байланысты кейінгі жылдары салынған мектептердің өзіне балалар сыймай жатыр. Мысалы, Зачаган кентіндегі №47 орта мектеп директоры Наталья Ерғожиеваның мәлім еткеніндей, 1200 орындық білім ошағына келгендер саны 2889-ға жеткен. Мұның 100-і шағын орталықта тәрбиеленіп, 238-і мектеп алды даярлықта болса, қалған 2551-і – мектеп оқушылары.

Мектептердің тарлығы, балалардың шамадан тыс артуы қолайсыздық тудырумен қатар білім сапасына да әсер ететіні анық.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен алынған мәліметке қарағанда, қалалық басқарма биыл шаһардағы мектептерді тексерген кезде 16 білім ошағында сыныптарда балалардың қалыптағыдан артып кеткенін анықтады. Айталық, сыныптарда баланың саны 25-тен аспауы керек болса, орта есеппен 28 оқушы білім алған. Мектеп директорларына айыппұл салынбағанымен, осы кемшілікті алты ай ішінде жою жөнінде ұйғарым берілді. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарова оларға санитарлық талаптарды сақтау керектігі ескертілетіндігін айтты.







Жоғары қарай