Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Оралда Жеңіс алаңы қайта жаңғыртылды

2020 жылдың 9 мамыр 2020 18:16

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Бүгін Орал қаласында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев өңірдегі соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін онлайн байланыс арқылы құттықтады.

«Жеңіс күнінің бәріміз үшін орны бөлек, мән-маңызы айрықша. Бұл – аға ұрпақтың ерлігін мәңгілік ел есінде сақтауға септесетін қастерлі мереке. Құрметті ардагерлер, сіздердің арқаларыңызда біз тәуелсіз Қазақстанда бейбіт өмір сүрудеміз. Бұл – қан майданда парыз бен намыс үшін, елінің бостандығы үшін жан аямай соғысқан және тылда тынымсыз еңбек еткен аға-апаларымыздың ерен ерлігі мен биік рухын әйгілей түсетін күн. Сонымен қатар Жеңіс үшін өмірін қиған жауынгерлерді еске алу күні», деді өңір басшысы.

Ғ.Есқалиев Тасқала ауданында тұратын майдангер, биыл 97 жасқа толған Рабиға Зайнуллинаны арнайы құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Онлайн байланысқа облыста тұратын елуге жуық майдангер қатысты.

Майдангерлер Қалам Сүйіншәлиев, Иван Гапич, тыл еңбеккері Меруерт Жолдықайырова және басқалары Ұлы Жеңістің оңайлықпен келмегенін, талай боздақтың қан майданнан оралмағанын айтып, қазіргі таңда мемлекет тарапынан ардагерлерге жасалып отырған қолдау-көмек үшін ризашылығын білдірді.





Соғыс әрі прокуратура ардагері И.Гапич 1945 жылы Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне қатысса, М.Жолдықайырова – сол жылдың 9 мамыры күні таңғы 6-да Жеңіс хабарын облыстық радиодан диктор ретінде өңір халқына қуана жеткізген зейнеткер-ұстаз.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Батыс Қазақстан облысынан 76265 адам қатысса, соның 36548-і майданнан оралмады. Қырыққа жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанса, алтауы Даңқ орденінің толық иегері атанды.

Биыл мерекеге орай Оралдағы Жеңіс алаңы қайтадан жаңғыртылды. Даңқ мемориалында батысқазақстандық сарбаздардың есімдері мен суреттері жаңадан безендірілсе, «Тыл еңбеккерлеріне тағзым» барельефі де ерекше көз тартады. Аллеяларға қойылған ақпараттық тақталарда батысқазақстандықтардың Жеңіске қосқан үлесі, соғыстың негізгі оқиғалары туралы мәліметтер жазылып, суреттер бейнеленген. Ал әскери техникалар мұражайынан 1941 жылы Ленинградтан Оралға көшірілген №231 зауыт (қазіргі «Зенит» зауыты) шығарған «полуторка» аталып кеткен жүк көлігі, су асты минасы мен торпедо үлгілерін көруге болады.

Бүгін осы Жеңіс алаңында салтанатты жиын болып, онда жиналғандарды қала әкімі Абат Шыныбеков құттықтады.

Мәңгілік алау мен ескерткіштерге гүл шоқтары қойылып, майдангерлерге құрмет көрсетілді.

Елу спортшыдан тұратын мерекелік велошеруге қатысушылар қала көшелерімен тұңғыш Президент алаңына дейін салтанатпен жүріп өтті.

Өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар арнайы автокөлікпен ардагерлер тұратын үйлердің аулаларына барып, концерт қойды. Қалалық мәдениет және демалыс саябағында да мерекелік шаралар көрініс тапты.











Жоғары қарай