Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Оралдық кәсіпкер көпбалалы анаға пәтер кілтін табыс етті

2020 жылдың 5 қараша 2020 10:45

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралдық кәсіпкер Алек Кубеев қалаға қарасты Круглоозерный кентінде тұратын Гүлдария Аймұқашеваға пәтер кілтін табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл алты баланы тәрбиелеп отырған жалғыз басты ана үшін тосын сый болды.

«ОралЗемТрубСервис» ЖШС (директоры Алек Кубеев) Круглоозерный кентінде үш қабатты 40 пәтерлік тұрғын үйді салып бітірген болатын. Міне, осы үйден екі бөлмелі пәтер Г.Аймұқашеваға берілді.

Құрылысы 1,5 жылға созылған, кірпіштен салынған үй автономды жылытылады. Пәтерлері кең де жарық.

«Біз көп балалы аналардың біріне жүрек қалауымызбен осындай сый жасауды ұйғардық. Кент әкімдігі алты отбасының тізімін берді. Солардың ішінде өзі жетімдер үйінде өскен алты баланың анасына таңдау түсті», дейді Алек Тынымгерейұлы.




Орал қалалық мәслихатының хатшысы Аққали Әубекеровтің айтуынша, бүгінде кент халқы көбейіп, тұрғын үйлер салынуда. Алдағы уақытта аталған құрылыс компаниясының бастамасымен балабақша құрылысы да басталмақшы.

Жаңа пәтерге ие болған Гүлдария Төлегенқызы кәсіпкерге ризашылығын білдірді.

«Бала күтімімен отырғандықтан, өзім жұмыссызбын. Қайырымды жандардың баршасына алғысымды айтамын», деді ол.

Круглоозерный ауылдық округі әкімінің орынбасары Татьяна Сумкинаның сөзіне қарағанда, А.Кубеев карантин уақытында мұқтаж отбасыларға, мүгедек жандарға қолұшын созып келеді.








Жоғары қарай