Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Орман, дала өртін шұғыл сөндіруге қаншалықты қауқарлымыз

2021 жылдың 22 мамыр 2021 14:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жыл сайын еліміздің аумағында 4 мыңға жуық табиғи өрт шығады екен. Мәселен, осы жылдың өрт қаупі кезеңі басталғаннан бері еліміздің 11 өңірінде 96 орман және 682 дала алқабының жануы тіркеліп отыр. Қызыл жалын 23 мыңнан астам гектарды шарпып, келген материалдық шығын 37,7 млн теңгені құрайды. Таяуда ғана Шығыс Қазақстан облысының аумағындағы Риддер орман шаруашылығында орын алған өрт салдарынан 1 адам көз жұмып, 2 адам жарақаттанды. 31 үй бүлінді, 249 қора-қопсы, 6 автокөлік, 7 шаруа қожалығы және техникалық қызмет көрсету стансасы жанып кетті. Осыған орайда еліміздің төтенше жағдай қызметтерінің мұндай өрттерді сөндіруге қауқары қаншалықты деген заңды сұрақтың туындайтындығы сөзсіз.

Өрт сөндіру техникасын жаңартуда ілгерілеушілік бар

Естеріңізде болса, 2010 жылдың шілде айының соңына қарай Ресейдің жеті бірдей округының аумағын шарпыған өрт шығып, көрші ел оны бірнеше мемлекет, оның ішінде Қазақстан да қолұшын созса да 20 күн бойы өшіре алмай әуреге түскен болатын. Бұл алапат өрт қазақ Үкіметіне де ой салып, сол кезде шұғыл өрт мәселесіне арналған отырыс да ұйымдастырылды. Отырыста Төтенше жағдайлар министрлігі күштерінің тобында табиғат өртін ауыздықтауға арналған 238 арнаулы техника бар екенді, алайда олардың басым бөлігі 1970-1980 жылдары шығарылғандығы, жаңартуға шамамен 20-25 миллиард теңге көлеміндегі қаражат қажет етілетіндігі айтылған еді. Содан бері 11 жыл уақыт өткендіктен Төтенше жағдайлар министрлігіне сұрау салып, техникалардың қаншалықты жаңартыландығын білген едік.

Ведомствоның ресми мәліметіне сәйкес, бүгінде министрлік иелігінде шамамен 1 500 өрт сөндіру автоцистернасы бар. Олар өрттерді, оның ішінде орман-дала өрттерін сөндіру үшін қолданылады. Мұнан бөлек, жергілікті атқарушы органдар табиғи өрттерді сөндіру үшін 400-ден астам өрт сөндіру бекетін ашып, оларда 500 бірлік техниканы шоғырландырған. Сонымен қатар ерікті өртке қарсы 4 мыңнан астам құралым 300 бірлік өрт сөндіру және 8 мыңнан астам бейімделген автотехникамен қамтамасыз етілген.

«Ірі табиғи өрттер туындаған жағдайда өңіраралық сипаттағы орман-дала өрттерін сөндіру үшін үкіметтік жоспар әзірленді. Онда құрамында 43 мың адам, 9 мыңнан астам бірлік техника, су ағызатын құрылғысы бар 11 тікұшақ (ТЖМ – 5, Қорғаныс министрлігі – 6), 46 өрт сөндіру пойызы бар мүдделі мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарын жұмылдыру көзделген», - деді министрліктен.

Осы орайда техника түгілі адам аяғы жетуі қиын орман өртін сөндіруде әуе көліктерінің үлкен көмегі бар екендігін айта кеткен жөн. Сондықтан да осыдан 11 жыл бұрын Ресейде шығарылатын, әсіресе орман өртін сөндіруде жоғары тиімділігін көрсеткен БЕ-200 амфибия ұшағының үшеуін сатып алып, оны елордада ұстау және кез келген өңірде өрт шыққан кезде дереу аттандыру туралы ұсыныс болған еді. Сол уақытта нарықтық құны 25 миллион АҚШ долларын құраған ұшақ сағатына 180 шақырым жылдамдықпен ұшып келіп, су бетімен жанасқан бетте екі ожаудың көмегімен 18 секундтың ішінде қажетті 12 тонна суды іліп алады және бір құйып алған жанар-жағармайымен өрт ошағына 270 тонна су шашуға қауқарлы. Өрт сөндіруге, сонымен қатар жүк тасымалдауға әрі суда қалған адамдарды құтаруға да жарамды әуе кемесінің бортына 47-ге дейін зардап шегуші сияды.

Бірақ, сол уақытта Төтенше жағдай министрлігінің басшылығы табансыздық танытты ма, әйтеуір үшеу тұрмақ бірде-бір әуе кемесі сатып алынбады. Ал бізден кейін, 2015 жылы Индонезия БЕ-200 ұшағының төртеуін сатып алуға қаражат бөлді. 2016 жылы Қытай мұндай ұшақтың екеуін сатып алуға келісімшартқа отырды. Сондай-ақ АҚШ 10, ал Чили 2 ұшаққа тапсырыс бергені белгілі. Түркия да мұндай 5 ұшақты сатып алуға ниетті екендігі туралы ақпарат бар.

Бүгінде еліміз үшін мұндай ұшақты сатып алудың ауылы алыс. Өйткені, қазіргі уақытта БЕ-200 ұшағының бағасы 2-3 есе қымбаттап кеткен. Оның үстіне өткен жылдан бері коронвирус пандемиясы да экономикамызды қыспаққа алып отырғаны белгілі. Төтенше жағдайлар министрлігіміз де алдағы уақытта өзге үлгідегі ұшақтарды сатып алуды жоспарлағанымен мұндай ұшақты жоспардан сырып тастаған.

«Алдағы уақытта БЕ-200 үлгідегі Ресей ұшақтарын сатып алу жоспарда жоқ. Бұл ұшақты сатып алу бастамасы аяқсыз қалды. Осы үлгідегі ұшақ тиісті мемлекеттік органдар бекіткен қолданыстағы «Қазавақұтқару» АҚ 2021-2029 жылдарға арналған даму бағдарламасында көрсетілмеген. Жалпы аталған жоспарға сәйкес еліміздің халқын қорғауға бағытталған өзге үлгідегі әуе кемелерін сатып алу жоспарда бар», - деді министрлік сауалымызға.

Орман өрті шықса кім жауапты?

Еліміздің аумағында орын алған орман өртіне Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жауапты. Аталған комитеттің 2021 жылғы 31 наурыздағы № 27-5-6/48 бұйрығының 6-тармағына сәйкес, орман өрттерін дер кезінде байқамағаны және сөндірмегені, ақпаратты уақытылы бермегені, сондай-ақ орман өрттері шығуының алдын алу жөніндегі шараларды сапасыз орындағаны үшін мемлекеттік орман иеленушілердің бірінші басшыларының дербес жауапкершілігі белгіленген. Айта кетерлігі, өткен жылы комитет еліміздің аумағында орын алған барлық ірі орман өрті оқиғалары бойынша қызметтік тексеру жүргізген.

«Қызметтік тексеру қорытындысында ірі орман өрті фактілері бойынша мемлекеттік орман күзетінің 203 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 44-іне ескерту жасалды, 88-іне сөгіс, 49-ына қатаң сөгіс жарияланды. 1-еуі жұмыстан босатылды. Сондай-ақ орман және табиғат қорғау мекемелерінің 21 қызметкеріне әкімшілік айыппұлдар салынды», - деді комитеттен.

Жалпы, мемлекеттік орман қоры аумағында өрт орын алған жағдайда оны сөндіру жұмыстары орман күзетінің және «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның қызметкерлерімен жүзеге асырылады. Өрттің ірі аумаққа таралу қауіпі төнген жағдайда ғана ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының орман өрттерімен күрес бойынша өзара іс-қимыл жоспарларына сәйкес қосымша күштер тартылады және республикалық штаб құрылып орман өртін сөндіру бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Айта кетерлігі, биыл өрт қауіпі маусымында еліміздің аумағында орман және дала өрттерінің туындау қауіп-қатерін азайту және жою жөніндегі ведомствоаралық іс-шаралар жоспары бекітілген. Республикалық штаб құрамын, өңірлік аймақтардың жедел штабтарын, ТЖМ, ІІМ, ҚМ, ИИДМ, ЭГТРМ, ҰҚК, ДСМ бөлімшелері топтарын, сондай-ақ оларды ірі ауқымды орман-дала өрттерін жоюға тарту тәртібін нақтылауды көздейтін өңіраралық сипаттағы орман-дала өрттерін жоюдың үкіметтік жоспарына түзету жүргізілген.


Жоғары қарай