Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Өрт қауіпсіздігі: Елорда мамандары ескерту жасады

2021 жылдың 5 мамыр 2021 16:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Сәбит Битаев қала аумағында құрғақ шөптің өртенуі жиілеп кетуіне байланысты ескерту жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көктемгі жылы күндердің басталуымен қала тұрғындары жеке аулаларды, ұйымдар мен көшелердің аумақтарын белсенді тазалау жұмыстарын бастады. Осы аптаның ішінде тұрғындарының үйлер мен саяжай алаптарында қоқыс пен құрғақ шөптерді өртеудің 10 фактісі анықталды. Өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамау, сондай-ақ тұрғындар қауіпсіздікке салғырт қарау салдарынан қоқыстарды жағу жағдайлары өрттің таралуына әкелуі мүмкін. Бұдан құрғақ шөптің өртенуі мен оның басқа аумақтарға таралуына негізгі себепкер – адамдардың өздері. Осыған байланысты департамент өрт қауіпі кезеңі басталғаннан бері түсіндіру профилактикалық жұмысын белсенді жүргізуде», - деді С. Битаев онлайн баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, 1-3 мамыр аралығында қаланың саяжай қоғамдарында аудан әкімдіктері, полиция департаменті өкілдерінің, сондай-ақ еріктілердің қатысуымен түсіндіру жұмысын жүргізу және жадынамалар табыстау арқылы кең ауқымды акция өткізілді.

Үш акция іс-шарасында 19 саяжай қоғамында және 1 тұрғын алабында 3167 учаске қамтылды, 4750 жадынама тапсырылды.

«Елорда аумағын күн сайын аралау кезінде құрғақ шөптер мен қураған ағаш және қамыстың уақтылы шабылмауы өрттің таралуына ықпал ететіндігін көрсетті. Бұл жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Осы жұмыстарды жүргізбесе, соңы қайғылы салдарға әкеліп соқтыруы мүмкін. Мәселен, биылдың 2 мамырында «Гарант Авто Сити» сауда орталығының жанында қамыс пен қураған шөп жанып, өрт үйге таралды. Осының салдарынан үй және 2 жеңіл көлік, газ баллондар тұрған шаруашылық құрылысы толығымен өртеніп кетті. Сол жерде азаматтар сымдарды өртеп, оны бақыламай, өрт орнынан қашып кеткен», - деді департамент өкілі.

Осы орайда Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындарына ескерту жасады.

«Өрттің алдын алу мақсатында әрбір азамат өз учаскесінің айналасындағы былтырғы шөпті өртемеуі тиіс. Сонымен қатар, қалдықтар мен түрлі қаптама (жәшіктер, ыдыстар) күйіндегі қоқысты өртеуді ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 метр қашықта жүзеге асыру керек. Осы орайда қоқысты өртеуді осы мақсатқа арнайы бөлінген орындарда және қызмет көрсетуші персоналдың бақылауымен жүргізген жөн. Жерге өшпеген сіріңке мен темекі тұқылын лақтырмау керектігін ескертеміз. Балалардың өрт қауіпті заттармен ойнамауын қадағалау керек», - деді Сәбит Битаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Нұр-Сұлтан қаласының аумағында құрғақ шөп пен қамыстың өртенуі жиілеп кетті.


Жоғары қарай