Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Өртенген үйден 29 жастағы жігітті аман алып шыққан алматылық құтқарушы марапатталды

2021 жылдың 11 желтоқсан 2021 12:10

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің жарлығымен алматылық өрт сөндіруші марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Жанып жатқан үйден 29 жастағы ер адамды құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен кәсібилігі үшін Алматы қаласы ТЖД қызметкері, өрт сөндіруші-құтқарушы Нұрсұлтан Әбдікәрімов Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Марапатты Республика сарайында өткен шара барысында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев өрт сөндіруші-құтқарушыға салтанатты түрде табыс етті.




5 мамыр күні түнгі сағат 02:05-те Алматы ТЖД 101 пультіне Жетісу ауданындағы Жангелдин көшесі, 91 мекенжайындағы өрт туралы хабарлама келіп түсті.

Өрт орнына дереу №8 өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары жіберілді, жұмылдырылған өрт сөндіруші-құтқарушылардың бірі Нұрсұлтан болған.

Оқиға орнына 02:13-де жеткенде, шаруашылық құрылыстарының қызыл жалынға оранып, өрт жеке тұрғын үйге таралып үлгерген.

Терезелерден қара қалың түтін мен от жалыны лаулап тұрды.

Куәгерлердің айтуынша, отқа оранған жеке тұрғын үйдің ішінде адамдар болуы мүмкін.

Өрт сөндіру басшысының командасы бойынша адамдарға барлау жүргізу және құтқару жұмыстарын жүргізу үшін газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны құрылды.

Құтқару жұмыстарын жүргізген топтың ішінде Нұрсұлтан да бар болатын.

Үлкен қауіпке қарамастан ол жоғары температура мен еш көрінісі жоқ қатер жағдайында әрекет ете отырып, газ-түтіннен қорғау қызметі буынының құрамында қалған адамдарды іздеу үшін тұрғын үйге кірді.




Зардап шеккендерді іздеу жұмысын төбенің опырылып құлауы қиындатты.

Осының бәріне қарамастан азаматтық қорғау кіші сержанты Әбдікәрімов іздеуді жалғастырды.

Кенеттен аяқ астынан бір қозғалыс сезіп, Нұрсұлтан түтіндеген үйден зардап шеккен адамды шұғыл эвакуациялауды бастады.

Осылайша Нұрсұлтан Жұмабайұлының ерлігі, батылдығы мен дұрыс іс-әрекетінің арқасында 1992 жылы туған азамат құтқарылды, сондай-ақ өрттің одан әрі таралуына жол берілген жоқ.

Өрт жедел 30 минут ішінде оқшауланып, сөндірілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2 желтоқсандағы жарлығымен көрсеткен ерлігі үшін және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге байланысты Нұрсұлтан Әбдікәрімов Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды.





Жоғары қарай