Өскемен полицейлері ұрланған 150-ге жуық телефонды тапты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының полиция қызметкерлері ұрланған 150-ге жуық телефонды тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары 1 қыркүйектен бастап «Учаске» жедел алдын алу шарасын жүргізіп жатыр. Соның аясында ұрланған телефондарды сату орындары анықталуда.
«Өткен демалыс күндері жедел уәкілдер 76 сауда орнын аралап, 1000-нан астам телефонды тексерді. Жалпы шара басталғалы бері 144 ұялы телефон ұрлығы ашылды. Сонымен қатар рейд барысында полицейлер бутик иелерімен және ұялы телефон сатушылармен ҚР ҚК-нің 196-бабында қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алғаны немесе өткізгені үшін жауапкершілік қарастырылғандығы туралы түсіндірді», - делінген ақпаратта.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Өскеменде аю атқан браконьер ұсталғандығын хабарлаған болатынбыз.