Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

Өскеменде қарулы тонаушыға қарсы тұрған әйел оқиғаның қалай болғанын айтып берді

2020 жылдың 22 қаңтар 2020 16:07

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемендегі дүкендердің бірін тонамақ болған ұрының мылтығын тартып алып, бетін қайтарған дүкен иесі Эльмира Музафарова оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оңай олжаға кенелмек болған қарақшы Өскемен қаласындағы Тынышбаев көшесінде орналасқан «Асар» дүкенінің сатушысын қорқытып, ақша талап еткен. Бойын үрей билеген сатушы қыз дүкен иесіне қоңырау шалады.

«Өзім де сол маңайда тұрамын. Даусы дірілдеген сатушы тезірек келуімді сұрады. Құстай ұшып жетіп барсам, дүкен ішіндегі ұры жайбарақат телефонмен сөйлесіп тұр. Қаруы қолында емес, үстелде жатыр екен. Шапшаң қимылдап, мылтыққа шап бердім. Қарақшы мұндайды күтпеген болуы керек, кәдімгідей абдырап қалды», - дейді Эльмира Музафарова.

Тонаушының бірінші айтқан сөзі «Әкел мылтықты!» болған. Сол кезде дүкен иесі «Бұл жерден табаныңды жалтырат!» деп жауап қайтарған. Кенет қарақшы дүкен иесінің қолындағы қаруға жармаса кетеді.

«Оның ішімдік ұрттап алғанын байқадым. Беріспей алыса кеттім. Мылтықпен басынан ұрып жіберген кезде ол кері шегінді. Қарақшы қаруды қайтарып берсем, дүкенге қайтып келмейтінін айтты. Оның бұл «қармағына» іліккем жоқ» - дейді Эльмира Музафарова.

Амалы құрыған тонаушы оқиға орнынан із суытқанымен, жазадан жалтара алмады. Тәртіп сақшылары көп ұзамай оны қолға түсірген. 1965 жылғы Өскемен қаласының тұрғынына қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 192 және 287-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Соңынан анықталғандай, қарақшының қолында оқ атуға жарамды бір ұңғылы шолақ мылтық болыпты.




«Сауда-саттықпен 2000 жылдардан бері айналысып келемін. Мына оқиға түк емес. Сол тұста небір сұмдық жағдайларды бастан өткердік қой. Аумалы-төкпелі кездерде дүкен тонамақ болғандар аз емес-ті. Ондайға етіміз әбден үйреніп алған» - дейді Эльмира Музафарова.

Алтай ауданында дүниеге келген азаматша бүгінде екі қызын қияға қондырып, немере сүйіп отырған әже. Оның тығырыққа тірелген кездегі әрекеті елеусіз қалмай, Өскемен қалалық Полиция басқармасының басшысы Даур Ибраев Алғыс хатпен марапаттады.

«Жақында әкем өмірден озды. Марқұм әкем ылғи да «Менің қызым 5 жігітке пара-пар» деп айтып отыратын. Полиция басшысының қолынан марапат алған кезде осы сөзі есіме түсті», - дейді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Өскеменде қарулы тонаушыға қарсы тұрған қала тұрғыны марапатталғаны туралы жазған болатынбыз.


Жоғары қарай